Абай оқулары

МТРА жаңалықтары

15:06 12 Мамыр 2010

 Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу, әндерін   нақышына келтіре орындау – сайысқа қатысқан үміткерлерге қойылған негізгі талап. Тіл мамандарынан құрылған  қазылар бүгін 48 көркемсөз оқу шеберінің талаптарын бағамдап, жеңіске деген жігерлерін сынады. Сайыскерлердің көбі мұндай байқауларға сан мәрте қатысып та үлгерген екен.

Дамира Серікбаева,  байқауға қатысушы.

-Мен биыл 3-ші рет қатысып тұрмын. Былтыр 2-орын алдым. Абайдың 101 өлеңін жатқа білемін. Бұл жолы да жеңемін деп ойлаймын.

Абай сөзін қазақтың бойтұмары деп білген жас талаптар ұлы бабамызға деген құрметтерін оқыған өлеңдері арқылы барынша таныта білді. Бөтен елде жүрсе де ана тілін меңгеру парыз деп білетін Біржан Тастембеков көршілес Ресейдің Омбы ауданынан келіпті.

Біржан Тастембеков, Қасқат орта мектебінің оқушысы,Ресей:

-Мен “Ғылым таппай мақтанба”, “Өлең – сөздің патшасы” деген екі өлеңді жаттап, “Желсіз түнде жарық ай”, “Көзімнің қарасы” деген екі ән дайындадым. Енді жылда қатысып тұрғым келеді.

Мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты мамандарының айтуынша, Абайдың тілін меңгеріп, шығармаларын жатқа орындаймын деушілердің саны жылдан-жылға артып келеді екен.

Сандуғаш Байкенова, тіл кабинетінің меңгерушісі:

-Байқаудың мақсаты жас ұрпақтың Абай шығармашылығына деген сүйіспеншілігін ояту. Жылдан-жылға бұл сайысқа қатысушылардың сұранысы артып келеді. Бұл олардың ұлттық әдебиет пен мәдениетке қызығушылығын оятады деп ойлаймын.

“Өлең- сөздің патшасы” номинациясы бойынша 1-орынды Айыртау ауданынан келген Ерлік Серкешов иеленсе, “Көңілім әнді ұғады” номинациясында жеңіс қалалық классикалық гимназия оқушысы Ләззат Бекішоваға бұйырды. “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” деп аталған номинацияда үміткерлер өз өлеңдерін көпшілік сынына  ұсынды. Бұл аталымды Айыртау ауданының оқушысы Мұхамед Қоңқаев топ жарды. Сайыста бақтары жанып, жеңімпаз атанған оқушылар республикалық Абай оқуларына жолдама алады. Байқаудың 3-туры ұлы бабамыздың туған жері Семейде өтпек.