МТРА жаңалықтары

Жеңіс мерекесін өткізгендер марапатталды

 

 Солтүстікқазақстандық өнерпаздар осы жолы бар өнерлерін салып бақты. Стадионда әнші бишілер мен спортшылар, әскерилер, студенттер    ұзын саны бір мыңнан астам адам сахналандырылған қойылымға қатысты.  Бұл күні таңертеңнен сахнаға көтерілген өнерпаздар күн ұясына батып, қараңғы түскенше тыным тапқан жоқ. Бірнеше айғы еңбектің арқасында ардагерлер мен облыс жұрты әсерлі, әсем мерекенің куәсі болды.


Серік Біләлов,Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Мереке қарсаңында облыс орталығында жұртшылық қаржысына қалпына келтірілген Жеңіс саябағы ашылды. Театрлар көрермендеріне жаңа қойылымдар ұсынып, көптеген мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Солтүстікқазақтандықтар Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтуге бір адамдай атсалысты.

 

Осы күндері аянбай еңбек еткен өнер ұжымдары облыс әкімінің кұрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. Құрмет грамоталары мерекенің режиссері Наталья Рудзинская мен оның көмекшісі Батырбек Шамбетовке тапсырылды.

Мерекелік шараның бас хореографы  Михаил Лахтинге, әнші Николай Колокольчиковке, Н.Погодин атындағы орыс драма театры мен оқу орындарының ұжымдарына облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді. “Экспромт”, “Қарлығаш”, “Арай”, “Әдемі-ау”,”Қуанамын”, “Движение”, “Дружные ребята” ансамблдерінің ұжымдарына алғыс хаттар мен 50-100 мың теңге көлемінде сыйақылар берілді. Ал халық шығармашылығы орталығына музыкалық аппарат алуға 400 мың теңге бөлінді. Жалаушалармен түрлі бейнелерді суреттеген оқу орындарының студенттеріне облыстық автокөлік одағы қоғамдық көлікте бір ай тегін жүру билеттерін таратпақ. Өңір басшысы облыс өнерпаздарының өнерлерін жоғары бағалап, алдағы уақытта С.Мұқановтың туғанына 110, Үкілі Ыбырайдың –150, Ш. Уәлихановтың 165 жылдығына арналған шараларға да даярлықты бастау керектігін айтты.