МТРА жаңалықтары

Көктемгі әскерге шақыру жалғасуда

 

 Уалиханов ауданы Кішкенекөл селосының тұрғыны Дархан Жайшықов жастайынан өз өмірін әскери қызметпен байланыстыруды жоспарлаған. Орта кәсіптік білім алғаннан кейін алға қойған мақсатына жету үшін әскери комиссариаттың есігін ашты. 10 дәрігер бір ауыздан Дарханды Қарулы күштер қатарын толықтыруға даяр, денсаулығы жақсы деген шешім қабылдады. Ол Отан алдындағы борышын Республикалық ұланда өтейтін болады. Ұландар қатарына Дарханмен бірге тәні мен жан саулығы үйлескен 20 жігіт таңдалып алынды. Бұл осымен көктемгі әскерге шақыру маусымында аттанғалы отырған үшінші топ. Алғашқыларында жерлестеріміз еліміздің шығысындағы химиялық, батыста- теңіз жаяу әскері мен әуе қорғанысы сарбаздарының қатарын толықтырды. Бүгін бір лек  аэромобилдік бөлімдерге жол тартпақ. Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған 91 бозбаланы шығарып салу салтанаты мемлекеттік рәміздер композициясының алдында өтті. Болашақ сарбаздарды біржылдық сапарға аттандыруға ағайын-туыс, дос-жарандары да көптеп жиналды. Өткен жылмен салыстырғанда облыстағы сарбаз атанғысы келетіндердің саны 15 пайызға артқан. Көктемгі маусымда еліміздің Қарулы күштеріне 700-ден артық солтүстікқазақстандық жіберілмек.