МТРА жаңалықтары

Полицейлер жазғы киімге көшті

Алаңда сап түзеген 400-ге жуық құқық қорғаушының 20-сы қатарға жаңа қосылғандар. Олар түрлі сынақтардан сүрінбей өтіп, ішкі істер органдарында жұмыс істей алатындықтарын дәлелдеді. Енді міне, ант қабылдап тұр. Солардың бірі – Мадияр Назаров өз болашығын қиын әрі маңызды қызметпен байланыстырғаныма өкінбеймін дейді. Қатал әскери тәртіп те жас жігітке кедергі емес.

Мадияр Назаров, жас маман:
-Мен әскери тәртіпті білемін.
Сондықтан да жұмыстағы қиындықты жеңемін деп сенемін. Бүгінгі күн мен үшін қуанышты күн. Жұмысыма адал болатыныма сенімдімін.


Бұл күні оркестр ойнаған әскери марштың ырғағымен тәртіп сақшылары саптық сыннан өткізілді.
Әр қызметкердің киім үлгісі, қызметтік куәлігі мен техниканың жарамдылығы да тексерілді. Алаңда полицейлерді тамашалап тұрған жұрттың назары 6 жасар Нұрәлі Сәдуәқасовқа ауды. Балдырған сырт жақта, мамандардың іс-қимылдарын жазбай қайталап тұр. Арнайы өзіне шақтап тігілген әскери киім киген балғын, есейгенде генерал боламын дейді.

Нұрәлі Сәдуәқасов:
-Бүгін менің ағам Ринат Байманов ант қабылдады.
Мен де өскенде әскери адам болғым келеді. Мектепті бітіргесін әскер институтқа түсемін, әрі генерал боламын.