МТРА жаңалықтары

Селекторлық кеңес

 

Барыс жылы ел экономикасы үшін жаман басталған жоқ. Көп сала бойынша өсім байқалады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 11 пайызға ұлғайды, өңдеу саласы бірден 18 пайызға өсіп шыға келді. Ал құрылыста жағдай мүлдем басқаша. Тұрғын үй салу көлемі 8 пайызға қысқарып қалыпты. 5,4 миллиард АҚШ долларына бағаланған тауар экспортқа шығарылды. Бұл екі айдың ішінде ғана. Ал импорт 17 пайызға азайыпты. Алғашқы тоқсанда инфляция 2,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ұлттық валюта-теңгеміз де нығайды. Инфляция дәлізі екінші тоқсанда сол деңгейде қалуы тиіс. Кеңес барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осыны міндеттеді. Жалпы Үкіметті алғашқы үш айдың қорытындысы қуантады, алайда осы қарқыннан таймау қажет деп атап өтті Кәрім Мәсімов. Айта кеткен жөн, экономика өсімі барлық облыстарда байқалып отыр.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Біздің облыста барлық көрсеткіштер бойынша жоспар орындалып келеді.
Дегенмен кемшілік жоқ емес. Облысқа шетелден инвестиция мүлдем тартылмаған. Сондықтан өңірге инвестиция тартуды жандандыру қажет. Кеден саласында да жұмысқа қарқын қосқан жөн.

Кеңес соңында өңір басшысы азық-түлік нарығында қалыптасқан жағдайды қатаң сынға алды.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Бір күннің ішінде қант 11, күріш 12 теңгеге қымбаттап шыға келді.
Ал құс еті тіпті 35 теңгеге шарықтап кетіпті. Жағдайды бірінші орынбасар Самат Ескендіров өз бақылауына алсын.