Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын тапқан дұрыс. Осыны ескерген өңір дәрігерлері жаппай иммунизациялау апталығына ерте бастан қамдануда. Бұл жолы қызамық пен қызылша ауруларына қарсы дәрі егілмек. Шетелден жеткізілген барлық 2 мың дана вакцина тексерістен өткізілген. Әсіресе ауа арқылы жұғатын вирустар қауіпті. Дерттің алдын алудың бірден бір жолы егу дейді мамандар.
Фарида Мұхамеджанова, СҚО МСЭҚБ бөлім бастығы:
-Вакцинациялаудың арқасында жұқпалы инфекциялық аурулардың өршуіне жол берілмейді. Облысымызда мұндай шара 2006 жылдан бастау алды. Мониторинг көрсеткендей, бүгінге дейін қызылша мен қызамық жұқтырғандардың тіркелмеуі иммунизацияның нәтижесі деп білемін. Егу шарасының баламасы әлі табылған жоқ.
Бұл жолы шетелдіктер, тұрақты мекені жоқ тұлғалар да егілетін болады. Апталық аясында облысымыздың барлық денсаулық сақтау мекемелерінде егу жұмыстары тегін жүргізіледі.