МТРА жаңалықтары

Қазақ театрында – премьера.

 С.Мұқанов атындағы облыстық сазды-драма театры көрерменге тағы бір қойылымның премьерасын ұсынды. “Бес бойдаққа бір той” деп аталған спектакльдің режиссері  – театр актері Мақсат Ақжолов.  

«Бес бойдаққа бір той» деп аталған қойылым белгілі жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің “Қырманбайдың тойы” пьесасы бойынша әзірленген. Спектакль не бары бір жарым ай ішінде дайындалды.

 Оқиға Қырманбай шал мен оның ер жетіп қалған бес баласының төңірегінде өрбиді. Жастары жетсе де, ұлдардың ешқайсысы шаңырақ құруға асықпайды. Өйткені алдымен әкелерін бақытты етудің жолын іздейді. Мұрат Құсайынов шалдың ортаншы ұлын сомдайды. Актер қойылымдағы басты мәселе – бала тәрбиесі дейді.

 Мұрат Құсайынов, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері:
-Бұл жерде әр түрлі тақырыптар қозғалған. Көрермен өз керегін алады деп ойлаймыз. Бұл жерде ата-анаға деген құрмет көрсетіледі. Қырманбай шал намаз оқиды, ал намаз оқитын адамның балаларына беретін тәрбиесі ерекше болады.  

Бұл – режиссерлікке ден қойған Мақсат Ақжоловтың бесінші қойылымы. Оның осы комедияны таңдауы тегін емес.

Мақсат Ақжолов, қойылым режиссері:
– Меніңше, бұл қойылым елдің әр театрында қойылуы керек. Бұл халқымызға жақын, көңіл көтеретін дүние болғандықтан, біз көктем мерекесінде осы шығарманы көрерменге сыйлауды ұйғардық.

 Ән мен би, көңілді көріністер, айшықты декорация көрермен қауымның көңілін жадыратып, езуге еріксіз күлкі үйірді. Көрерменнің қошеметінен байқалғанындай, бұл премьераның тұсауы сәтті кесілді. Демек театрдың қоры тағы бір тың да тамаша туындымен толықты. Бұл маусымда өнер сүйер қауымды тағы екі премьера күтіп тұр.