МТРА жаңалықтары

Реформалау барысы туралы кеңес.

Ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі енгізілгелі  өңірімізде   аурухананы еркін таңдау құқығын 256 науқас пайдаланды. Реформаның емделушілер мен медицина қызметкерлеріне қалай әсер еткені туралы солтүстікқазақстандық дәрігерлердің басқосуында сөз болды. 

 

 

 Отырысқа қатысушылар бұл реформа оң нәтиже беріп отыр деген пікірде. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында дәрігер мен аурухананы еркін таңдау құқығын 256 солтүстікқазақстандық емделуші пайдаланды. Ал өткен жылы бұл кезеңде тек 42 науқас қана мұндай мүмкіндікке қол жеткізген болатын.

Серік Тәңірбергенов,  Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің  директоры:
– Оның ішінде бір адам Қостанай облыстық ауруханасында ем алды. Бұл мекемеге азаматқа ем бергені үшін республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Ал Ақмола облысының денсаулық сақтау ұйымдарында 216, Алматы және Астана қалаларында орналасқан республикалық емханаларында 39 солтүстікқазақстандық ем алды.

 
Серік Тарасұлы солтүстікқазақстандықтар басқа қалалардың денсаулық сақтау мекемелеріне ағылады деген қауіп расталған жоқ  дейді.
Өткен тоқсанда  жергілікті стационарларда 40 мыңға жуық науқас ем алды. Алайда проблемалар да жоқ емес. Емделгендер  үшін тек 119 млн. теңге көлемінде ғана ақы түсті. Оған қоса  ауруханаға жату үшін 155 сырқат  
кезекте тұрған күндер де болды.

Бейбіт Мұстафина, облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері:
– Науқастар аурухананы еркін таңдау мүмкіндігіне ие болғаны қуантады. Алайда қолданылған дәрі-дәрмек пен көрсетілген қызмет түрлерін есепке алуға дәрігерлердің уақыты жоқ. Сондықтан олар кестеден тыс жұмыс жасайды. Қолымызда қажетті  техника жоқ. Қызметкерлердің еңбекақысын көбейту мәселесі әлі күнге дейін шешілмей жатыр.

Дәрігерлер емдеу тарифтер
імен де келіспейді. Медициналық және фармацевтикалық қызметтерді  бақылау комитеті басқармасы бастығының орынбасары Лариса Пак сәуір айында бірқатар емдеу тарифтері 20, 30, 50 пайызға дейін өседі дейді. Шешімін таппай жүрген тағы бір мәселе – денсаулық сақтау ошақтарында дәрі-дәрмектің тапшылығы. Мәселен, Қызылжар ауданының орталық ауруханасында дәрінің 45 түрі жетпейді.  Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері отырыста көтерілген барлық мәселелер қатаң бақылауға алынып, жақын арада шешіледі деп уәде етті.