МТРА жаңалықтары

Петропавл автобус паркінде Жолдау талқыланды.

Ақпараттық- насихат топтары Елбасының “Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу- Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын биылғы Жолдауын  түсіндіруді жалғастыруда. Сондай кездесулердің бірі   “Петропавл автобус паркі” ЖШС-де болды. 

 

 

1971 жылдан бері жолаушылар  тасымалдаумен айналысатын серіктестік  қазіргі таңда 3 бағытта қызмет етеді. Қолда бар 30 техниканың 7-уі биыл жаңаланған. Бұл  экономикалық жағдайдың тұрақтылығын көрсетеді. Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауын серіктестік ұжымы бірге тыңдап, талқыға салады. Әр құжат елдің дамуына өзіндік үлесін қосады дейді қызметкерлер.


Сералы Нұрахметов, “Петропавл автобус паркі” ЖШС жүргізушісі:
-Елбасының жолдауын ай сайын талқылап, жиналыс өткіземіз. Еліміздің көркейіп, алға басып келе жатқаны ол басшыларымыздың алға қойған мақсаттарына жетуі деп білемін. Бізде де бәрі ойдағыдай. Жалақымызды ай сайын беріп тұрады.


Дегенмен Жолдауға арналған осы жолғы жиын өзгерек.
Себебі оған қалалық әкімдікте құрылған ақпараттық насихат тобының өкілдері қатысып отыр. Олар әр ұйымға барып, еліміздің басты құжаты туралы мәлімет береді.

Кәрім Ахметов, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
-Тобымызда бес адам бар. Біз қатысушыларға Жолдауды тек ауызша түрде ғана жеткізбей, Жолдаудың толық мәтіні жазылған кітапшаларды таратамыз. Дәл осындай 8 кездесу өткізу жоспарланған.

Осы уақытқа дейін бұл ақпараттық- насихат тобы екі кездесу ұйымдастырыпты, оның бірі қала жастарымен болса, екіншісі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың оқырмандарымен өтті.