МТРА жаңалықтары

2010-2012 жылдарға арналған қалалық бюджет бекітілді.


 

Республикалық бюджеттен облыс орталығына 207 млн. астам теңге бөлінді. Кезектен тыс сессияға жиналған депутаттар қаржының 172 миллионын мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыруға бағыттау керек деп шешті. Ал қалғаны жаңадан пайдалануға берілетін білім ошақтарын қажетті оқу техникасымен қамтамасыз етуге, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне материалдық көмек көрсетуге жұмсалады.  Облыстық бюджеттен   Петропавлға 117 миллион теңге қарастырылған.

  Шынар Баширова, қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы:
 – 82 миллион теңге ҰОС ардагерлері мен әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге жұмсалады. Сондай-ақ облыстық бюджеттен бөлінген қаражат арнайы техникаларды сатып алуға, білім мекемелерін көмірмен жабдықтауға, бюджет саласының еңбекақысын көбейтуге бағытталды.

Өткен жылы игерілмеген тағы 81 млн. теңге бар. Биыл бұл қаржы тиісті тұлғаларға әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалады. 2010-2012 жылдарға арналған қалалық бюджетті бекітерде депутаттар тағы бір мәселені ескеру қажеттігін айтты.

Евгений Хан, тексеру комиссиясының мүшесі:
 – Медицина қызметкерлеріне арналған 80  пәтерлік тұрғын үй қазан айында емес, тамызда пайдалануға берілсе жөн болар еді. Әйтпесе біз биыл тағы дәрігер тапшылығын шеше алмаймыз.

Депутаттар барлық ұсыныстарды ескере отырып, 2010-2012 жылдарға арналған қалалық бюджетті бір ауыздан бекітті.