МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік органдардағы бармақ бастылық басты назарда.

Біздің облыста қаржы министрлігінің 6 аумақтық департаменті жұмыс істейді. Кедендік бақылау және салық органы солардың қатарында. “Нұр Отан” партиясының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі олардың жұмысын талдауды ұсынған болатын. Облыстық филиалдың жанынан бірден сараптамалық комиссия құрылды.


Айгүл Қуандықова, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ заңгер-кеңесшісі:
-Комиссия қаржы министрлігінің органдарында талдау жасап, сыбайлас жемқорлықпен күрестің жүргізіліп жатқанына көз жеткізді. Алайда заңға қайшы әрекеттер жоқ емес. Соңғы екі жылда бұл органдарда 5 қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. 8 әкімшілік іс қозғалып, лауазымды тұлғалар тиісті жазаларын алды.

Отырыста кедендік бақылау және салық департаментінің аттары бірнеше мәрте аталды. Осы екі қызметтің жұмысында көп кемшілік кеткен екен. Өткен жылы қаржы құрылымдарынан 136 кемшілік табылыпты. Оның 86-сы аудандық салық органдарында. Облыстың бас кеденшісі Әлібек Қартов жиын барысында заңға қайшы жұмыс істеген бақылау бекетінің жұмысын ақтауға тырысты.

Әлібек Қартов, СҚО кедендік бақылау департаментінің бастығы:
-Кеден бекетінің қызметкерлері қылмыстарды тіркеген кезде куәгерлерді тарту бойынша қателікке бой алдырған. Сол маңдағы дәмханалардың қызметкерлерін бірнеше рет куәлікке тартқан. Бұл заңға қайшы. Оны білеміз. Алайда айдалада куәгер тауып алу оңай емес. Түн ортасында қаладан ешкімді әкеле алмайсыз. Дегенмен, біздің қызметкерлер Поликарпов пен Баубеков қатаң сөгіс алды.

Отырыс барысында салық департаменті, қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасының есебі тыңдалды.