МТРА жаңалықтары

Светлана Меденникова: өз ісімді жақсы көремін.

«Меденников» жеке кәсіпкерлігінің директоры Светлана Меденникова ет өнімінің 150 түрін өндіреді. Ол өз ісін тез дөңгелетіп әкетудің жолын таба білген кәсіпкер.  

 

 

«Меденников» жеке кәсіркерлігі шығаратын  өнім түрлері  мен қаптамасы әрдайым өзгертіліп, түрленіп отырады. Орама дизайнының тауар өтімділігіне тигізер әсері  мол екені даусыз. Сыртқы орамасы көзге тартымды шұжық сапалы және өте дәмді болса тіпті жақсы.  Отандастарымызды сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етіп  отырған ерлі –зайыпты Меденниковтар өте сәтті бизнес үйлесімдіктің эталонына айналғалы қашан. Сергей ерлерше ойлап, еңбексүйгіштігімен ерекшеленсе, Светлана жарын жан-жағынан толықтырып тұрады. Екі адамның басын біріктірген ортақ мақсат «Меденников» брэндінің асқақтауына себепші болды.
Ал бар құпия Светлана Меденникованың шығармашылық талантында.

Светлана Меденникова, «Меденников» ЖК директоры:
Әрине шығармашылық және тек қана шығармашылық. Егер шабытым келе қалса, жеті түнде тәтті ұйқымды қиып, білек сыбана жаңа мәзір дайындаймын.

Азық-түлік өндірушілердің басым бөлігі бір сарында, көп жыл бойғы қалыптасып қалған технологиямен жұмыс істейді. Алайда Светлана Меденникова әрдайым ізденіс, жаңару үстінде. Шағалалы ауылында мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің еңбегін бағалаған Меденниковтар жаңа шұжықты «Чаглдорф» деп атапты. Осылайша ерлі-зайыпты Меденниковтар отандық ет өндірушілерді барынша қолдап келеді. Светлана заман талабына сай қондырғыларымен де мақтана алады.  Вакуумдік қаптама жасайтын құрал өнімді ұзақ сақтауға мүмкіндік береді. Өз ісін тез арада дөңгелетіп әкеткен Меденниковтардан халық әрдайым жаңалық  күтетіні рас.

Светлана Меденникова, «Меденников» ЖК директоры:
-Біздің тұтынушыларымыз, көтерме сатып алушылар жаңа өнім бар ма деп сұрайды. Кейде сол сұрақтан жалығып кетемін. Дегенмен, бір жаңашылдық ашқан сайын, ойлап таба бергің келеді екен, өз ісімді жақсы көремін.