МТРА жаңалықтары

Сексеннен ассаң – қоғамдық көлікті тегін пайдаланасың.

 

 

Көктем мерекесі қарсаңында қалалық жолаушы тасымалдаушылар аға ұрпақ өкілдеріне осындай сыйлық жасап отыр. Анастасия Астафьева үйде отыруды білмейтін жан. 82 келген қария әлі де тың. Ол көп жылдар теміржолда еңбек етті. Қазір де теміржол ардагерлері кеңесінің жұмысын жүргізуге көмектеседі.  Қоғамдық көлікті көп пайдаланатын болғандықтан, оған кететін шығын да қомақты.

Анастасия Астафьева, теміржол ардагерлері кеңесінің мүшесі:
– Бір құжаттармен бір жерге барып келе қояйын десең –    35 теңге, кейде бірнеше автобус ауыстырып жүруге тура келеді. Мен вокзалдан шығамын, яғни 70 теңге, ал тағы басқа көлікке отыру керек болса, 140 теңге шығады.

Петропавлда сексеннен асқан  4,5  мың қария бар екен. Олардың көбі қоғамдық көлікті жиі пайдаланады.

Галина Семёнова,СҚО жолаушылар тасымалдау қауымдастығының төрайымы:
Троллейбус паркі, автобус, шағын автобустар иелері  80 жастан асқан барлық қала тұрғындарына қоғамдық көлікте тегін жүру үшін жеңілдік жасау туралы  бастама көтерді.

Акция наурыздың 3-де басталды. Желтоқсанның 31-не дейін созылады. Бұл игі бастама одан әрі де жалғасын табуы мүмкін дейді кәсіпорындар басшылары.  Қоғамдық көлікті тегін пайдалану үшін мұндай жолаушылар өздерімен бірге жеке куәлігін немесе зейнетақы куәлігін ала жүруі керек.  

Жолаушы тасымалдаушылар қауымдастығы сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға да осындай жеңілдік жасау жағын ойластыруда.