Ирина Литвиненко – Қазақстан және Азияның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Пекин Олимпиадасына қатысушы. Жоғары жетістіктерге жету үшін керек қасиеттердің бәрін оның бойынан табуға болады. Тәлімгерлері Иринадан басынан-ақ көп үміт күткен болатын. Бірақ спортта шешуші фактор – еңбекқорлық.
Ирина Литвиненко-Эктова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп нәрселерден бас тартуға тура келеді. Спортта онсыз болмайды. Бәрі бірден, оңай бола қоймайды,табандылық, еңбек керек..
Ирина биыл СҚМУ-дың дене шынықтыру факультетін аяқтайды, алайда бапкерлік жұмысқа ауысуға асығып отырған жоқпын, алда алынбаған биіктіктер бар дейді ол. Қазіргі ең басты мақсат- алдағы Олимпиада ойындарында жеңіске жетіп, бұл беделді додада еліміздің Мемлекеттік туын көтерту, бапкерлері Алексанр Николаевич пен Нины Викторовна Эктовтардың үмітін ақтау.
Ирина Литвиненко-Эктова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Сонымен қатар отбасының жақсылығын тілеймін. Жарым жанымда болып, әйел бақытына кенелгім келеді.
Жасөспірім спортшылар Иринаны өздеріне үлгі тұтады. Солардың бірі – Италияда өткен әлем чемпионатының финалисі Екатерина Эктова бүгінде Канадада өтетін жасөспірімдер чемпионатына даяр. Ал Диляра Әбуова – жасөспірімдер арасында өтетін алғашқы Олимпиада ойындарына қатысуға талапкер.
Диляра Әбуова:
– Ира мен үшін үлкен өнеге, оның өнер көрсеткені маған ұнайды.
Екатерина Эктова:
– Ол жаны жайсаң, жарқыраған жан. Әрдайым көмектесуге, қиындықта қол созуға әзір тұрады.
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болашағынан үміт күттірген қыздар аз емес. Өйткені мұнда тәжірибелі тәлімгерлер еңбек етеді. Осы әйелдердің тынымсыз еңбегі арқасында спорттағы жетістіктерге қол жетуде.