МТРА жаңалықтары

Форум достық пен бірлікке арналды.

Облыстық ішкі саясат департаментінің қызметкерлері өткен айда тұрғындар арасында сауалнама жүргізіпті. Қойылған сұрақтар елдегі ұлттардың бірлігіне қатысты. 715 респонденттің 91 пайызы этностардың арасында достық қарым-қатынастың орнағанын айтқан. Сауалнамашылардың жартысына жуығы бұл байланыстар одан әрі беки түсті деп жауап беріпті. Және барлығы бірауыздан саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімге Елбасының көреген саясатының арқасында қол жеткізгенімізді айтқан.

Раушан Смаилова, СҚО Ассамблея хатшылығының бас маманы:
– Елбасы Қазақстан халқының Ассамблеясында тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белеске шығаратын да біздің осы қоғамдық татулығымыз. Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады деген сөздің шындығына бүгінде көзімізді жеткіздік.

13 ауданның арасынан форумға есілдіктер ғана қатысты. Жиынды ұйымдастырушылар үлгілі ауданды ғана шақыруды көздепті. Есіл ауданында бүгінгі таңда 4 этно-мәдени бірлестік әр түрлі ұлттарды ортақ мақсатқа біріктіру жолында еңбектенуде.

Төлеген Мұқашев, “Нұр Отан” ХДП Есіл аудандық филиалы төрағасының орынбасары:
– 4 орталық біраз істің басын қайырды. Халықты ұйымдастыру, достыққа үндеуде олардың маңызы зор. Біздің халық ұйымшыл, болашақта тағы екеу ашамыз ауылдарда.

Форум соңында делегаттар үндеу қабылдады. Бұл құжат Қазақстан халқының мызғымас бірлігін одан әрі нығайтуға күш жұмылдыруға шақырады.