МТРА жаңалықтары

Петропавл қаласының әкімі тағы бір қызметті қоса атқарады.

Кезектен тыс конферецияны өткізуге облыс әкімінің атына түскен өтініш себеп болыпты. Ерік Нұрақаев өзін «Нұр Отанның» қалалық филиалының төрағасы қызметінен босатуды сұраған екен. “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Біләлов бұл өтінішті қабыл алды. Әдеттегідей бұл қызметке Петропавл қаласының әкімі ұсынылды. Конференцияның 43 делегаты Нұржан Әшімбетовтың кандидатурасын бір ауыздан қолдады. Алғашқы құттықтаулар өңір басшысының тапсырмаларына ұласты: Нұржан Әшімбетов жаңа қызметінде алдымен екі маңызды мәселеге көңіл бөлуі керек.

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Бірінші міндет- Петропавлдағы партия мүшелерін көбейту қажет. Әсіресе, ЗИКСТО, Киров атындағы және Петропавл ауыр машина зауыты сияқты ірі өндіріс ошақтарындағы жұмысшыларды қатарға тарту міндеті тұр. Екіншісі, Жолдауды насихаттау науқанына қарқын беріңіз.

Маусым айында “Нұр Отан” партиясының 13-ші сьезі өтпек. Елбасының қатысуымен өтетін бұл жиынға тыңғылықты дайындық қажет. Конференцияға қатысқан аудан әкімдеріне Серік Біләлов келе жатқан мемлекеттік мерекелерді жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.