МТРА жаңалықтары

“Солтүстік жұлдызы” және “Көңілді дельфин”

 

 

 “Көңілді дельфин” додасы 3 күнге жоспарланған. Барлық халықаралық талаптарға жауап беретін бассейнде 300-ден астам сайыскер 3 топқа іріктеліп, жүзудің төрт әдісі мен кешенді эстафета сынында  шеберліктері мен тәжірибелерін тексеруде.  


Теміртас Әлжанов,  “Дельфин” спорт мектебінің директоры:
-Жақсы дайындалған балалар келіп жатыр, жаттықтырушылар келді бүкіл Қазақстаннан. Біз де олардан үйренеміз деп ойлаймын. Ол бізге жақсы. Ең бірінші мақсатымыз   дарынды балаларды іріктеу.

Хромтаулық Руслан Сабыров өзін суда балықтай сезінеді. 9 жасар оқушы соңғы үш жылда осы әуестігіне мықтап ден қойған.  Республика деңгейіндегі жарысқа алғаш қатысуы. Дегенмен  ол  тек қана жеңімпаз атануды мақсат етіп отыр.

Руслан Сабыров, сайыскер, Хромтау қаласы:
-Мен баттерфляй және браспен жүзгенді жақсы көремін. Соған дайындалдым. Енді мына жаққа жүлделі орын алуға келдім.

Жеңімпаздар екі кезеңде жинаған ұпайларының қосындысы бойынша анықталады. Өңіріміздегі алғашқы турдан кейін жас жүзгіштер ұпайларын еселеуге Алматы қаласына атанатын болады.
 

 Жас футболшылар  арасында  ” Солтүстік жұлдызы”   турнирі басталды.

Дәстүрлі жарыс Астана, Тайынша қалалары мен облыс орталығынан 5 құраманы жиды. Жас спортшылар  үш күн бойы шеңберлік айналым бойынша өз ара мықтыны анықтайды.
 

Бұл жолы  аяқ доптың жас  шеберлері өз деңгейлерін үлкен алаңда сынауда. Бұрындары толық құраммен үлкен футболдың ережелеріне сәйкес ойын көрсетуге көп құрамалар дайын болмаушы еді. Соңғы жылдары өңірімізде осы ойынға  әуес  жасөспірімдерге жақсы көңіл бөлініп, осындай тамаша мүмкіндікке қол жетіп отыр. Турнир Әлем, Еуропа чемпионаттарының талаптары бойынша өтуде.

Ринат Аминов, Петропавл қалалық футболдан балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:
– Бұл турнирге үлкен сенім артып отырмыз. Мұндай жарыс балаларды әр қырынан сынап, дарындыларын іріктеуге көмектеседі. Жарыста шыңдалған тәрбиеленушілеріміз үлкен додаларда  нәтижесіз болмайтынына сенімдімін.


“Жастар” спорт кешенінің жасанды жасыл алаңына алдымен жергілікті “Локомотив” пен астаналық ойыншылар шықты. Халықаралық турнирлердің көшін бастап жүрген алаң иелері дәрежелеріне сай өнер көрсетіп, болашақта жақсы футболшы бола алатындарын дәлелдеуге тырысып бақты. Кездесу басталысымен  шабуылға шыққан солтүстікқазақстандықтар есепті  бірінші болып ашты. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Қонақтар көп кешікпей осал еместіктерін танытып, қос қапталдан біздің қақпаны торуылдауға көшті. Сөйтіп, елордалықтардың соққан 7 голы жауапсыз қалды.

Маджан Басанов,  “Біздің команда” құрамасының жартылай қорғаушысы, Астана қаласы:
Бүгінгі ойын жақсы өтті. Біз нағыз командалық ойынды көрсеттік. Біздің команда бұл кубоктың чемпионы атанады деп ойлаймын.

Жеңілгенді жер көтереді демекші,  жергілікті сайыскерлер ұтылып қалғандарына онша өкіне қоймады. Керісінше, бірден мықты қарсыласпен сайысқа  түсу үлкен көмек болады дейді.

Иван Сейдаметов, “Локомотив” құрамасының қорғаушысы, Петропавл қаласы:
-Алғашқы ойынның нәтижесі әлі ештеңені де шешпейді. Себебі турнир шеңберлік айналым бойынша өтіп жатқандықтан ақтық сынға шығар мүмкіндік бар. Бүгін мол сабақ алдық. Қалған кездесулерде сақ болып, біздің пайдаға шешуге әрекеттенеміз.

Ақтық сынға шығу үшін әр команда екі күн бойы іріктеу сынында 4 ойыннан өткізеді.