Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде түлектерді жұмыспен қамтуға бағытталған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға 250-ден астам жас жиналды. Олар әр мемлекеттік органмен, кәсіпорындармен танысып, жасалатын жағдайды, күн тәртібін білді.
ТИМУР САДЫҚОВ, Қозыбаев университетінің студенті:
– “Мені көбінесе қылмыстық-атқару жүйесі органдарындағы жұмыс қызықтырды. Жаңа өзіме қажет ақпарат алдым. Олар кандидаттарға қойылатын талаптар, оқуға түсу тәртібі туралы айтып берді. Қызығушылық таныттым, егер адвокат бола алмасам, мамандарға тағы бір жолығамын деп ойлаймын. Қолымнан келетін сияқты”.
Жәрмеңкеге 22 жұмыс беруші қатысты. Түлектерге қоғамдағы әртүрлі саладағы мамандықтар бойынша 2 мыңға жуық бос орын таныстырылды. Ең көп вакансияны ішкі істер органдары, мемлекеттік мекемелер мен өңірдің ірі кәсіпорындары ұсынды.
СЕРГЕЙ ЯБЛОНСКИЙ, “С.М. Киров атындағы зауыт” АҚ техникалық бюросының бастығы:
– “Жастардың тарапынан бірінші кезекте дамуға, оқуға деген құлшыныс болуы тиіс, біз көмектесуге дайынбыз. Бізге механиктер, механика жөніндегі инженер-технологтар және дәнекерлеу жөніндегі мамандар қажет”.
Айта кетейік, 2026 жылы университетті мың жарымнан астам түлек тәмамдаған. Олардың тең жартысы облысымызда жұмысқа орналасып, еңбек етуде. Ал биыл жоғары оқу орнын 2 мыңға тарта студент бітіреді.
Сандугаш Кайырбек