Спорт

Жаһандық додада ел мерейін асқақтатқан теріскейліктер

Әлемдік аренада атой салған теріскейлік толағайлар! Бүгін гір көтеру спортынан әлем чемпионатында атой салған теріскейлік спортшылардың екінші легі Петропавлға оралды. Оның ішінде жаһандық додада 5 алтын еншілеген Виталий Диденко да бар. Ол гір көтерумен 2003 жылдан бері айналысып келеді. Жасы 40-тан асса да аталған спорттан қол үзген емес. Бірнеше мәрте ішкі біріншілікте топ жарған.

ВИТАЛИЙ ДИДЕНКО, гір көтеру спортынан 5 дүркін әлем чемпионы:
– “Қарсыластарым кіл мықтылар болды. Украина, Англия, Литвадан және Латвия елінің спортшылары маған лайықты қарсылық көрсетті. Мен 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түстім. Бәсі биік додаға ақпаннан бері дайындалдық. Жаттығудан бір рет болсын қалған емеспін”.

Жасы келсе де жастарға өз шеберлігін көрсетіп жүрген Ерік Әлібаев болса жаһандық бәсекеде 3 алтын еншілеген. Сондай-ақ, Елена Костенко, Валентина Беседина, Олег Окс және Сергей Гутевичтер де тұғырдан көрініпті.

АНДРЕЙ ГЛЫВЯК, гір көтеру спортынан облыстың аға жаттықтырушысы:
– “Солтүстік Қазақстан облысында гір спорты кеңес заманынан бері жақсы дамыған. Біздің өңірде жастар да, әлемдік додаларда атой салған тәжірибелі спортшылар да көп. Олар әлі күнге дейін жоғары нәтиже көрсетіп, ел чемпионаттарында жүлделі орындардан көрініп жүр. Алдағы уақытта аталған спортқа мемлекет зор қолдау көрсетіп, қарыштап дамиды деп сенемін.

Еске салайық, Латвиядағы әлем біріншілігінде теріскейлік спортшылар 8 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль еншіледі. Енді толағайларымызды желтоқсанда өтетін ел кубогі күтіп тұр.

 

Аружан Султанова