Заң

Петропавлда көлік жүргізушілеріне бақылау күшейтілді

Өңір жолдарында жалпыға ортақ ережені бұзу фактілері жиілей түскен. Облыстық полиция департаменті ұсынған ақпарға сүйенсек, жыл басынан бері қауіпсіздік белдігінің тақпаудың 10 мыңға жуық жайты тіркелген. 5 мыңға тарта жүргізуші рөлде телефон қолданса, 900-ден аса тұлға ішімдік ішіп, темір тұлпар тізгіндеген. Жаяу жүргіншілерді тиісті жерден өткізбейтіндер де бар. Осының салдарынан адам өміріне қауіп төнеді.

Тұрғындарды тәртіпке шақыру керек. Қалалық полиция қызметкерлері Интернационал мен Астана көшесі бойында кезекті рейд шарасын өткізді. Мамандар жол қозғалысы талаптарының сақталуын бақылап, көліктерді тексерді.

БАТЫР ӘСКЕРОВ, қалалық ПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің инспекторы:
– “Бұл көшелер қиылысында бейнебақылау құқық бұзушылық жасаған, яғни көліктердің маркасы мен мемлекеттік нөмірін жеткізеді. Содан кейін біз көлікті тоқтатып, әкімшілік хаттама толтырамыз. Көп жағдайда жүргізушілер рөлде телефон қолданады, қауіпсіздік белдігін тақпайды. Күніне 10-15-ке дейін құқық бұзушылық анықтап, хаттама толтырамыз”.

Рейд кезінде жолдың келесі бөлігіне арнайы белгісіз ауысқан көлік тоқтатылды. Тексеріс кезінде тағы бір бұзушылық анықталды. Жүргізуші такси қызметкері ретінде адам тасымалдапты. Салонның артында отырған жолаушы ереже бұзған.

БАТЫР ӘСКЕРОВ, Петропавл қалалық ПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің инспекторы:
– “”Hyundai” автокөлігін тоқтаттық. Тоқтатқан кезде жолаушы қауіпсіздік белдігін тақпаған екен. Сондықтан сол кісіге әкімшілік хаттама толтырдық. Оған 2 АЕК айыппұл салынды”.

Бұл – сабақ аларлық жайт. Жолда жүргізуші де, жолаушы да ережені сақтау керек. Қателік денсаулыққа, тіпті адамның өміріне кері әсер етуі әбден мүмкін.

Аружан Султанова