Денсаулық сақтау

1500-ге жуық солтүстікқазақстандық АИТВ инфекциясына шалдыққан

СҚО-да 1500-ге жуық солтүстікқазақстандық АИТВ инфекциясына шалдыққан. Дерт көбінесе 30 бен 49 жас аралығындағы азаматтардың арасында анықталған. Инфекция көп жағдайда жыныстық жолмен жұққан. Науқастардың ең жасы 19-да. “Есепке алынған жандар тиісті ем қабылдап жүр”,- дейді мамандар.

ӘСИЯ ШӘРІПОВА, АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі облыстық орталықтың дерматовенеролог-дәрігері:
– “Қауіп тобына жататын адамдар АИТВ-ға тұрақты түрде тексеріліп тұруы керек. Егер инфекция анықталса, диспансерлік есепке алынып, бірден антиретровирустық терапия тағайындалады. Науқас дәрігердің бақылауында болып, уақытылы ем қабылдауы тиіс. Ең бастысы, емді үзбеу керек. Сонда жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады”.

АИТВ инфекциясы 3 жолмен жұғады. Жыныстық қатынас, қан арқылы және анадан балаға берілуі мүмкін. Инфекцияның бастапқы кезеңінде адам ешқандай ауру белгісін сезбеуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер күмәнді жағдайлардан кейін міндетті түрде тексерілуге кеңес береді.

ӘСИЯ ШӘРІПОВА, АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі облыстық орталықтың дерматовенеролог-дәрігері:
– “Қазіргі медицина АИТВ инфекциясын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, тиісті ем қабылдаған адам отбасын құрып, бала сүйіп, қалыпты өмір сүре алады. АИТВ-мен өмір сүретін жүкті әйел дәрігер бақылауында болып, қажетті терапияны уақытылы қабылдаса, дені сау нәрестені дүниеге әкеле алады”.

Күйзеліске ұшыраған науқастар тегін психологиялық көмек ала алады

Дертке шалдыққан адамдар күйзеліске түсуі мүмкін. Ол үшін психолог мамандар тегін қолдау көрсетуге әрдайым дайын. Тегін психологиялық көмекті бейінді орталықтың 111 сенім телефоны арқылы алуға болады. Мамандар өз жұмысында жасөспiрiмдердiң қауiптi мiнез-құлқының алдын алуға ерекше назар аударады. Өйткені, мұндай балалар жаңағы аталған қауіп тобына түсіп кетуі мүмкін.

ТАТЬЯНА ЦИНЦИЛЕВСКАЯ, психологиялық қолдау орталығының бөлім жетекшісі:
– “Біздің орталық білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсетеді. Профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыруға қолдау білдіреміз. Әдістемелік ұсынымдар әзірлеп, қажетті нормативтік-құқықтық құжаттармен қамтамасыз етеміз. Білім беру мекемелерінде қолайлы әрі қолдаушы орта қалыптастыруға мән береміз. Қуанышқа орай, соңғы уақытта біздің тәжірибемізде АИТВ жұқтырған балалар мен отбасылар тіркелген жоқ. Біз жастардың жаман әдетке бармауын қадағалаймыз”.

Балалар білім мен тәрбиені мектептен алады. Ал оларға тәлім беретін ұстаздар да жан-жақты әрі білікті болуы қажет. Ысқақ Ыбыраев ауылындағы мектепте 70 оқушы оқиды. Педагог Жанна Сәрсекееваның сөзінше, жасөспірімдер арасында профилактикалық шаралар жүргізіліп тұрады.

ЖАННА СӘРСЕКЕЕВА, М.Ахметбеков атындағы орта мектеп директорының орынбасары, Шал ақын ауданы:
– “Бүгінгі күні бұл мәселе қоғамда өте өзекті. Өйткені, қоғам мен әлеуметтік желілер дамыған сайын, жасөспірімдер өзін еркін сезінеді. Үлкен мәселенің алдын алу бойынша мектепте жүйелі түрде жұмыстар жүргізіледі. Атап айтсақ, оқушылармен тәрбие сағаттары, ата-аналармен жұмыс, медицина мен ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылып отырады”.

Айта кететін жайт, АИТВ инфекциясын қасақана жұқтырғаны үшін жауапкершілікке тартылады. ҚР ҚК-нің 118-бабы бойынша 200 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл салу, 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Облыста соңғы жылдары мұндай жайт тіркелмеген.

Аружан Султанова