Қоғам

СҚО-ға үш жылдың ішінде көгілдір отын тарту көзделіп отыр

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

– “Бүгін облыс әкімдігінде теріскейді газдандыру мәселесі талқыланды. Жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысына магистральдық көгілдір отын құбырын тарту көзделіп отыр. Ол Аққайың, Қызылжар және Тайынша аудандары арқылы өтеді деп жоспарланған. Жоба өңір тұрғындарын табиғи газбен қамтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге мүмкіндік береді”.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында елді мекендерді газдандыру қарқынын жеделдетіп, халықты табиғи газбен қамту деңгейін 80 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Осы міндет аясында өңірді газдандыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Түйткіл облыс әкімі, Энергетика министрлігі, “QazaqGaz” және “АстанаГаз ҚМГ” компаниясы өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде талқыланды. Магитральдік газ құбыры Ресейдің Ишим қаласынан Астанаға дейін созылады. Сұйық отын өткізетін құбырдың ұзындығы шамамен 545 шақырым болмақ. Жоба аясында Көкшетау мен Петропавл қалаларында газ тарату станцияларын салу көзделген.

Ғ.Нұрмұхамбетов: “Газ тарту тұрмыс сапасын жақсартып, кәсіпкерліктің дамуына және инвестиция тартуға жол ашады”

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
–  “Өңірде 2030 жылға қарай газ тұтыну көлемі жылына 300-400 млн текше метрге жетеді деп болжануда. Ал 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,8 млрд текше метрге дейін өсуі мүмкін. Сол себепті, Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру – өңіріміз үшін аса маңызды жоба. Табиғи газ тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, кәсіпкерліктің дамуына, жаңа өндірістердің ашылуына және инвестиция тартуға жол ашады. Алдымызда газ құбырын тарту, елді мекендерді қосу және қажетті инфрақұрылымды дайындау міндеттері тұр. Бұл жұмыстарды созбалаңға салмай, нақты жоспар бойынша жүргізуіміз керек”.

Жобаны ел Үкіметі мен Ресейдің “Газпромы” арасында жасалған келісім аясында жүзеге асыру көзделіп отыр. “Сарыарқа” магистральдық газ құбырын салуға жауапты – “АстанаГаз ҚМГ” компаниясы. Жоспар бойынша құбыр Қызылжар, Аққайың және Тайынша аудандары арқылы өтеді. Оның диаметрі – 1 мың мм, ал жобалық қысымы 75-тен 100 барға дейін жетуі мүмкін.

ЕЛЬДАР ВАИСОВ, “АстанаГаз ҚМГ” АҚ басқарма төрағасы:
– “Жоба аясында Көкшетау мен Петропавл қалаларында сағатына 100 мың текше метр газ өткізуге қауқарлы екі газ тарату станциясын салу қарастырылған. Алдын ала есеп бойынша, магистральдық газ құбырының жылдық өткізу қуаты 6,3 млрд текше метр болады.  Дегенмен, бұл көрсеткіштер жобалау барысында қайта қаралып, нақтылануы мүмкін. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі түзетіліп, газға деген сұраныс пен қажетті инфрақұрылым көлемі есептеліп жатыр”.

Биыл Қазақстанда халықты табиғи газбен қамту деңгейі 64,2 пайызды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 64,4 пайызға жеткізу жоспарланған. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2035 жылға қарай елдегі газдандыру деңгейі 80 пайызға жетуі тиіс. Осы мақсатта елімізде газ өндіру көлемін арттыру, газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін кеңейту және елді мекендерге қажетті инфрақұрылым тарту мәселелері де пысықталуда.

АСҚАР ҚОНАҚБАЕВ, ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі департаментінің директоры:
– “Мемлекет басшысы елдегі газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу міндетін қойды. Осы бағытта былтыр бекітілген газдандырудың жобасы аясында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Солтүстік өңірлерді газбен қамту және “Ишим–Астана” магистральдық газ құбырын салу – осы жұмыстың маңызды бөлігі. Жобаны 2030 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы”.

Ғ.Нұрмұхамбетов: “Жұмысты жедел әрі жүйелі жүргізіп, өңір тұрғындарының табиғи газға қол жеткізуіне жағдай жасау керек”

Жиын соңында облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен газ компанияларына қажетті бастапқы мәліметтерді жинақтаудың маңызын атап өтті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Газдандыру жобасын жүзеге асыру үшін ең алдымен өңірдегі сұранысты нақтылау керек. Өндірістік кәсіпорындардың, ауылшаруашылық нысандардың қажеттілігін анықтаған жөн. Болашақтағы сұранысты да ескеру қажет. Халық саны да басты назарды болуы тиіс. Жергілікті атқарушы органдар қажетті мәліметтерді жинақтап, жауапты компанияға ұсынуы тиіс. Басты мақсатымыз – жұмысты жедел әрі жүйелі жүргізіп, өңір тұрғындарының табиғи газға қол жеткізуіне жағдай жасау”.

Өңірді толық газдандыру үшін шамамен 1 мың шақырым көгілдір отын тарату желісін салу қажет. Облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдар мен аудан әкімдеріне жобалауға қажетті бастапқы деректерді уақытылы дайындауды тапсырды. Ал белгіленген мерзімдердің сақталуы мен жер мәселелерін жедел шешуге аудан әкімдері мен Петропавл қаласының басшысы жауапты екенін жеткізді.

Улан Ыдырыс