Петропавлда өңірдегі үкіметтік емес ұйым өкілдерінің жиыны өтті. Шараға аймақтың түкпір-түкпірінен белсенділер жиналды. Олар қоғамды дамытуда, қоғамдық мәселелерді шешу ісінде маңызды рөл атқарады. Бұл ретте өзге жақтардағы әріптестерімен тығыз араласады. Соның бір дәлелі – бүгінгі жиынға Ақмола облысынан арнайы қонақтардың келуі.
ЛИДИЯ ГРАБАРЬ, СҚО ҮЕҰ ресурстық орталығының жетекшісі:
– “Басқосуда ұйым өкілдері атқарылған жұмыстары мен жобаларын таныстырады. Жетістіктерін көрсетеді. Өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырады. Сонымен қатар, бүгінгі кездесуге дейін конкурс өткен болатын. Бұл жиында комиссия шешімімен қабылданған “Үздік ҮЕҰ” және “Үздік ауылдық ҮЕҰ” байқауының жеңімпаздары марапатталады. Оларға 250, 150 және 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Бұл оларды әрі қарай дамуға ынталандырады”.
Ақшалай сыйақы ұтып алған ұйымның бірі – Тимирязев аудандық ардагерлер кеңесі. Бұл бірлестікке 2023 жылдан бері Сайран Байдалина жетекшілік етеді. Оның бастамасымен ауданда “Белсенді ұзақ өмір” жобасы жүзеге асырылды, қарттарға арналған “Зерде” атты кітап оқуды сүюшілер клубы мен тоғызқұмалақ секциясы ашылды. Зейнеткерлер үнемі бас қосып, еңбектерді талқылайды, спортпен шұғылданады және жастармен кездесулер өткізіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға үлес қосып келеді.
САЙРАН БАЙДАЛИНА, Тимирязев аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы:
– “Егде жастағы адамдар көбіне немен айналысатынын білмейді. Біз оларды түрлі конкурстар, іс-шаралар мен жобаларға қатыстыруға тырысамыз. Басты мақсатымыз – аға буынның өмір сүру сапасын арттырып, жастарға өнеге көрсету. Бүгінгі жиында ұйымдар өз тәжірибесімен бөлісті, жобаларын таныстырды. Өзім үшін көп жаңа ақпар алдым. Ауылыма барып, әріптестерімен талқылаймын”.
Ақмола облысынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы “Жаңару” жалпыұлттық қозғалысының өкілі Игорь Плюснин келген. Аталмыш бірлестік қоғамда қалыптасқан бұзушылықтарға қарсы жобалар әзірлейді. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік бағдарламалар порталында апта сайын мониторинг жүргізеді. Заңсыз қаражат айналымы анықталған жағдайда деректерді тиісті органдарға тапсырады. Соңғы 4 жылдың ішінде белсенділердің арқасында мемлекетке 4 млрд теңгеге жуық қаржы қайтарылған.
ИГОРЬ ПЛЮСНИН, «Жаңару» РҚБ директоры, Ақмола облысы:
– “Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуын тежейтін басты түйткілдердің бірі. Бұл мәселенің азаюына азаматтардың өздері де белсене араласуы тиіс деп санаймын. Біздің бұл бағытта бірнеше әдісіміз бар. Ұйымда студенттер мен жастарды “Саналы ұрпақ”, “Жас Қыран” клубтарына жинап, бойларында жемқорлыққа нөлдік төзімділік принципін қалыптастырып келеміз”.
Жалпы, өңірімізде 300-ге жуық ҮЕҰ бар. Белсенді жандар жыл басынан бері 100-ден аса ірі әлеуметтік жобаны жүзеге асырған.
Жаннур Бектурганова