Петропавлдық дәрігерлер белгісіз сұйықтықтан уланған үшінші науқасты құтқара алмады. 75 жастағы қала тұрғыны ауруханада 8 тәулік жатып, бақилық болды. Естеріңізге сала кетейік, қазанның 18-і күні кешкілік 3 адам емдеу орнына шұғыл жеткізілген. Олардың екеуі көп ұзамай ажал құшты. Тергеп-тексеру кезінде жерлестеріміздің бір бөтелкедегі тұнбаны ішкені мәлім болды. Оны қоқыс жәшігінен тауып алыпты. Полиция департаментінің дерегінше, қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда адамдардың өмірін қиған ішімдікке сараптама жүргізіліп жатыр. Талдау жұмысы 1 айға созылады.
Байболат Култанов