Петропавлда қалалық Мәдениет үйінде қарттар арасында “Жастық шақ жүректе ән айтады” атты өнерпаздар байқауы өтті. Іс-шара Халықаралық қарттар күніне арналған айлық аясында ұйымдастырылды. 40 қатысушы, ондаған шығармашылық нөмір және бір сахна. Сахнада жеке орындаушылар, театр және шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
МҰХАММЕДӘЛИ ИСПАНОВ, қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:
– “Бұл іс-шара жыл сайын өтеді. Осы жылы 7-ші мәрте өтіп жатыр. Бұл іс-шара 5 номинацияға бөлінген. Би, ән, халық дауысы, сонымен қатар, топтық ән мен би болады. Домбырада ойнайтын аға буын өкілдеріміз де бар. Ата-әжелеріміздің барлығы зейнет жаста. Олар алдын ала келіп, қоятын ән, билерін дайындайды. Бүгінгі сахнамызда өнер көрсетіп жатқандардың бәрі іріктеуден өткен”.
65 жастағы Елена Аличеваның шығармашылық жолы зейнетке шыққаннан кейін басталған. Ол байқауға 7 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Өткен жылы “Соло” номинациясында жеңімпаз атанған. Биыл нәзікжанды бірден екі құрамда – квартет пен топ мүшесі ретінде өнер көрсетті.
ЕЛЕНА АЛИЧЕВА, “Ассорти” тобының мүшесі:
– “Өткен жылы жеке орындаушылар арасындағы вокалдық байқауда жеңіске жеттім. Биыл мүлде басқа жанрды таңдадым. Көрерменді спорттық-музыкалық поэтикалық композициямен таңғалдырғым келді. Сонымен қатар, “Ассорти” тобының құрамында да ән айтамыз. Бұл – үлкен ұжым, сахнада 17 адам өнер көрсетеді”.
Байқауды тамашалаған тыңдарман қауым өнерпаздардың өнерін жоғары бағалап, жылы лебіздерін білдірді. Іс-шара қорытындысы бойынша өнерпаздарға байқауға қатысқаны үшін дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
Аружан Султанова