Көлеңкелі бизнеспен күрес! Петропавлда міндетті акциздік таңбасы жоқ темекі өнімдерінің ірі партиясы мен спиртке тән иісі бар сұйықтық анықталды. Заңсыз тауар сауда үйлерінің біріндегі қоймадан табылды. Сақтау орнын 54 жастағы қала тұрғыны жалға алған екен. Будақтағыш еліткіштің жалпы көлемі 1500 блокты құрайды. Бұл – 15 мың қорап рұқсат белгісі жоқ темекі. Сонымен қатар, 36 дана 5 литрлік пластик ыдыс тіркелді. Оларға 180 литр болатын спиртке тән иісі бар сұйықтық құйылған. Анықталған барлық өнім тәркіленді. Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 7600 литрден астам алкоголь алынған.

