СҚО әкімдігі

Мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесі жаңартылды

Сәуірдің 1-інен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісінің ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын басшылық, атқарушы және төменгі буын қызметкерлері ортақ тестілеуден өтетін. Енді әрқайсысына жеке бағдарламалар қарастырылған. Сонымен қатар, үміткердің жеке қасиеттерін бағалау нәтижелері бір жыл бойы жарамды болады. Әуелде бұл тестілеуді әр жаңа жұмыс орнына орналасқан сайын қайта тапсыру қажет болатын.

АИДА РҮСТЕМ, ҚР МҚІА СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

— Кандидаттар өтінімді “EQyzmet” платформасы арқылы жолдап, кейін Конституцияны білу деңгейі, мемлекеттік тіл және жеке қасиеттері бойынша тестілеуден өтеді. Сонымен қатар, 1-ші сәуірден бастап мәтіндік және ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларын тексеру кезеңдері алынып тасталды. Нәтижесінде мемлекеттік қызметке іріктеу үдерісі анағұрлым оңтайландырылып, үміткерлер үшін қолжетімді бола түсті,

Зейнегүл Құнанбаеваның мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүргеніне 2 ай болған. Байқаудың бұрынғы үлгісінен сәтті өткен маман тестілеудің онлайн форматта ұйымдастырылатыны аса тиімді дейді.

ЗЕЙНЕГҮЛ ҚҰНАНБАЕВА, ҚР МҚІА СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

— Жалпы байқау жайлы “EQyzmet” порталы арқылы білдім. Бірнеше ай бойы порталды бақыладым. Қажет ақпараттың барлығы сайтта әлдеқашан берілген. Бос жұмыс орындары пайда болған кезде мен оларды зерттедім, таныстым. Өзіме қолайлы қызметті таңдап, байқауға қатысуға шешім қабылдадым.

Жыл басынан бері облыста мемлекеттік қызметке қабылдау мақсатымен 300-ге жуық байқау өткізілген. Нәтижесінде 80 адам іріктеліп, жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда өңірдің мемлекеттік қызмет саласында 4 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Қатарға 350-ге жуық кадр қажет.

 

Жаннұр Бектұрғанова