Мәдениет

Виталий Жуков: уақыт пен ізденіс тоғысқан көрме

Петропавлда заманауи бейнелеу өнерінің өкілі, суретші Виталий Жуковтың «Сол кездегі мен қазіргінің арасында» атты жеке көрмесі ашылды. Экспозицияға автордың әр жылдары салынған 26 туындысы қойылған. Бұл жұмыстар оның шығармашылық жолындағы әр кезеңді қамтып, ізденіс пен тәжірибенің эволюциясын көрсетеді. Жалпы алғанда, суретшінің қорында 400-ден астам еңбек бар.

ВИТАЛИЙ ЖУКОВ, суретші:

— Мұндай көрмелер көрерменге ерекше әсер қалдырады, өйткені олар суретшінің қалыптасу кезеңдерін айқын көрсетеді. Әр туынды – автордың ізденісі мен ішкі өзгерісінің көрінісі. Өнердің тек табыс көзіне айналмауы үшін мен бағытты әдейі өзгертіп отырамын. Бір стильге бой үйреніп қалған сәтте өзімді жаңа қырынан сынау үшін мүлде басқа жанрға бет бұрамын.

Суретші үшін әр техника – бөлек әлем. Ол бірде майлы бояудың тереңдігін, бірде акрилдің жылдамдығын, ал кейде коллаж бен аралас тәсілдің мүмкіндігін пайдалана отырып, ойын көркем бейнеге айналдырады. Оның айтуынша, қазіргі өнер – тек шындықты көшіру емес, ой мен сезімді жеткізудің жаңа формасы.

ВИТАЛИЙ ЖУКОВ, суретші:

— Суретке қанша уақыт кететіні ең алдымен қолданылатын материалға байланысты. Мысалы, майлы бояу баяу кебеді, қабаттарының арасына кейде бір-екі апта уақыт қажет болса, нүктелеп салу тәсілінде бір жұмыс тіпті бір жылға дейін созылуы мүмкін. Ал акрил сияқты тез кебетін бояумен жұмысты бір-екі күнде аяқтауға тырысамын. Қазіргі заманда фотосурет пайда болғалы суретшінің тек шындықты бейнелеуші рөлі өзгеріп, өнердің мәні мен бағыты да жаңаша сипат алды.

Көрмеге қойылған туындылар әр жылдардағы шығармашылық ізденістің жемісі. Автордың мақсаты – нақты сюжеттен гөрі, сол ойды тудырған ішкі күй мен философияны жеткізу. Әр жұмыс көрерменді бір сәт ойға жетелеп, өнерді қабылдаудың жаңа қырын ашады.

ЕРКЕН ШАЛКЕНОВ, СҚО музейлер бірлестігі директорының орынбасары:

— Біздің музеймен арадағы шығармашылық байланысымыз бірнеше жылдан бері табысты жалғасып келеді. Бүгінде Виталий – өңіріміздің жетекші жас суретшілерінің бірі, оның әрбір туындысы терең философиясымен, автордың ішкі жан дүниесі мен қоршаған ортаға көзқарасын айқын бейнелеуімен ерекшеленеді. Ол – тек бейнелеу өнерімен ғана емес, музыка мен спортқа да қызығушылық танытатын жан-жақты тұлға.

Көрме бір ай бойы жалғасады. Бұл экспозиция көрерменге Виталий Жуковтың шығармашылық әлемін тереңірек танып, оның өнерге деген көзқарасын жақыннан сезінуге мүмкіндік береді.