Жыл басынан бері өңірде алимент төлеуден жалтарған 4 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Тағы 2 азаматқа қатысты сот процестері жалғасуда. Бұл дерекпен облыстық прокуратура бөлісті. Мысалы, кәмелетке толмаған баланы күтіп-бағуға арналған ақшалай міндеттемесін 6 айдан астам уақыт орындамаған, 1,6 млн теңге берешегі бар борышкердің 1 жылға бас бостандығы шектелді.
— Алимент төлемдерін өндіріп алу бойынша сот актілерін орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 669-бабына сәйкес 52 қасақана борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды, оның ішінде 26 іс прокурорлармен қозғалған қаулылардың негізінде. Осылайша, Уәлиханов аудандық сотының 2026 жылғы 17 ақпандағы қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 669-бабына сәйкес, аудан прокурорының бастамасымен жүргізілген іс бойынша алимент бойынша борышкер 3 күн мерзімге қамауға алынды.
Жыл басынан бері алимент өндіру мәселесі бойынша құқық қорғау органдарына 14 ұсыну жіберіліп, 14 сот орындаушысы түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өңір бойынша берешек 2,3 млрд теңгеден 2 млрд теңгеге дейін төмендеді.