Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов аймақтағы тасқын жағдайын тікұшақпен әуеден бақылады. Облыс әкімі жауапты мамандармен өзен арналары мен су деңгейінің жалпы ахуалын жіті бағалады. Қазіргі таңда өлкеде алаңдатарлық жайт байқалмайды. Еске салайық, Сергеев қоймасындағы ең шекті деңгей 7-сәуірде болды. Бұл күні ернеуінен асқан судың биікітігі 122 см жетті. Ал қазір 99 см-ге дейін төмендеген. Алғашқы толқын Есіл ауданынан асып, Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласына қарай ойысуда. Сонымен қатар 8-9-сәуір күндері облыс орталығы маңында су деңгейінің көтерілуі байқалды, өсім Сергеев қоймасынан келетін мол суға байланысты 1 мамырға дейін жалғасады деген болжам бар. Ал ең жоғары көрсеткіш 980-1050 см аралығында болуы ықтимал. Қоса кетейік, 11–12 сәуір күндері Ғабит Мүсірепов ауданы аумағында Есіл өзенінің қайта көтерілуі күтіледі, мамандардың болжамы бойынша екінші су толқынының шарықтау шегі 20-сәуірге қарай Сергеев торабында байқалады.