Петропавл станциясындағы көліктегі полиция бөлімінде Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектептің оқушылары үшін танымдық экскурсия өтті. Іс-шара барысында ұл-қыздар теміржол нысандарымен танысты, пойыз маңындағы қауіпсіздік ережелері туралы мәлімет алды. Мамандар шойынжол бойында адамның өзін-өзі ұстау тәртібін айтты, қандай әрекеттерге тыйым салынатынын түсіндірді.
СЕРІКБАЙ ОМАРОВ, Петропавл станциясындағы көліктегі полиция бөлімі бастығының орынбасары:
— Көлік нысандарында, әсіресе теміржолда қауіпсіздікті қамтамасыз ету – зор жауапкершілік. Біздің бөлім күнделікті жолаушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар, жастар арасында интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарының алдын алу бойынша да түсіндіру шаралары өткізіледі.
Мамандардың мәліметінше, биыл теміржол бойында 906 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аз. Мәселен, былтыр осындай 1093-ге жуық дерек анықталған. Статистиканың азаюына профилактикалық жұмыстардың күшеюі әсер етіп отыр. Атап айтқанда, түсіндіру кездесулері, экскурсиялар нәтиже берген.