Өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, “АMANAT” партиясының мүшесі Екатерина Смышляева келді. Халық қалаулысы өңірлік фракция депутаттарымен кездесіп, саяси ұйымның алға қойған мақсаттары мен жоспарларын баяндады.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Мен өңірге партия жобасын іске асыру бойынша келіп отырмын. Қазіргі таңда 2 жоба қолға алынған. Олардың бірі – “Цифрлық қоғам”. Өздеріңіз білесіздер, мемлекет қазір цифрландыруға баса назар аударуда. Осы орайда әр өңір ауқымды жұмыс атқаруы керек. Бұл жаңашылдықтар – заман талабы, бұны қазір қолға алмасақ болмайды. Ол үшін ең алдымен шалғай ауылдардың өзінде интернет болуы тиіс.
Осы орайда облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров Екатерина Васильевнаға өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты. Бүгінде ауылдардың 92 пайызы сапалы байланыспен қамтылған. Сонымен қатар, Петропавл қаласында 5G желісі қосылған. Бұл өз кезегінде «ақылды қала» сервисын дамытуға мүмкіндік береді.
АЗАМАТ БАЙТЕМІРОВ, СҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:
— Бүгінгі күні облыстағы 590 ауылдың 548-і түрлі технологиялар арқылы интернет желісіне қосылған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін өңірдегі 264 ауылды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, 46 елдімекен заманауи «OneWeb» спутниктік жүйелері арқылы интернетке қосылды. Бұған қоса, денсаулық сақтау саласында 7 медициналық ұйымға диагностика жүргізетін «SmartECG” жүйесі енгізілді. Ал аймақтағы мектептердің 100 пайызы цифрлық білім беру платформасына қол жеткізді.
Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров ілкімді жобалардың барлығына тоқталды. Екатерина Смышляева бұған оң баға берді.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Солтүстік Қазақстан облысында цифрландыру бағыты бойынша өте қызықты жобалар көп. Солардың бірі – аудандарда ашылып жатқан IT-хабтар. Бұл аса маңызды. Себебі, көп өңірде цифрландыру тек қалаларда ғана жүргізіліп жатады. Ал ауыл-аймақтағы ағайын ұмыт болып қалады. Сіздерде керісінше жағдай көрініс тапқан, бұған қуанып отырмыз.
Айта кетейік, жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты бірнеше нысанды аралайды әрі өңірдегі 12-ші IT-хабтың ашылу салтанатына қатысады.
Озық орталық М.Жұмабаев ауданында орналасқан.
Ұлан Ыдырыс