Өңірге жұмыс сапарымен келген Екатерина Смышляева және аймақ басшысының орынбасары Нұрлан Кеңесов жергілікті ПИК және МИБ өкілдерімен кездесті. Семинар-кеңес барысында кондоминиум басқарушылары халық қалаулысына өздерін алаңдатқан сауалдарын қойды. Солардың бірі – Ирина Радченко. Қала тұрғыны қоқыс шығару компанияларымен жасалатын келісімге ірі қалдықтарды қосуды өтініп отыр.
ИРИНА РАДЧЕНКО, қала тұрғыны:
— Ірі габаритті қоқысты шығару – барлық пәтер иелері кооперативі төрағаларының ортақ мәселесі. Біз қоқыс шығарушы компанияларға мұндай қалдықтарды да қамтысын деп өтінген едік. Бірақ, нәтиже жоқ. Біздің тұрғындар осы жағдайға наразы.
Тұрғынның бұл сауалына Екатерина Васильевна былай жауап берді.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Бұл мәселені көтеремін. Бірақ, ол үшін осы қоқыс шығаратын компаниялардың келісімі керек. Яғни, біз ірі габаритті қоқысты бөлек қызмет түрі ретінде енгіземіз. Дегенмен, оған аталмыш компаниялар дайын ба? Бұл басқа мәселе.
Сауалдар бұнымен аяқталмады. Келесі болып Людмила Демидова базынасын жеткізді. Оның сөзінше, жерлесіміз тұратын көпқабатты үйдің қасына коттедждердің тұрғындары қалдықтарын тастап кететін көрінеді.
ЛЮДМИЛА ДЕМИДОВА, қала тұрғыны:
— Біз тұратын 6 қабатты үй жеке тұрғын үй секторына жақын орналасқан. Сол баспаналардың тұрғындары біздің қоқыс жәшігіне келіп, қалдықтарын тастайды. Ол жақта 10 коттедж бар. Бірақ біреуінің алдында жәшік қоятын орын жоқ.
Қала тұрғынының бұл сұрағына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов жауап берді. Нұрлан Маратұлы жауапты ұйым өкілдеріне мәселені шешуді тапсырды.
НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Бұл мәселе бойынша жеке тұрғын үй секторында тұрып жатқан жандармен тілдесу керек. Олармен ақылдасып, арнайы аймақ белгілеп, сол төңірекке қоқыс жәшігін қою қажет. Бұл қиын мәселе емес деп ойлаймын.
Айта кетейік, жалпы кездесу барысында тағы да бірнеше өзекті мәселе қозғалды. Екатерина Смышляева олардың барлығына жауап беріп, шешілу жолын түсіндірді.
Ұлан Ыдырыс