Мәдениет

«Ботай» этно-пластикалық қойылымы сахналанды

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өткен «Ботай» этно-пластикалық қойылымына облыс әкімі Ғауез Торсанұлы арнайы келіп тамашалады. Өңір басшысы өнер ұжымының еңбегіне қолдау білдірді. Көрермен назарына ұсынылған туынды адам мен табиғаттың байланысын бейнелейтін терең мазмұнды этно-пластикалық қойылым. Шығарма желісі бойынша Күн мен Жер ана әлемге бір мезетте адам баласы мен киелі бие рухынан туған құлын сыйлайды. Екі тағдыр қатар өрбіп, адам Жердің үнін тыңдауды үйренсе, Желқанат адамның тынысын сезінуді меңгереді. Достықпен басталған байланыс уақыт өте сынақтарға ұласып, кейіпкерлер жаңа мекен іздеуге мәжбүр болады.

ОЛЬГА РОСТОВЩИКОВА, «SENSITIVE» би театрының көркемдік жетекшісі:

— «Ботай» этно-пластикалық перформанс-спектаклі заманауи хореография бағытында, нақтырақ айтсақ contemporary стилінде, сонымен қатар қазақтың ұлттық би элементтерімен үйлестіріліп қойылған. Дегенмен, қойылымның негізгі бөлігін заманауи хореография құрайды. Бұл спектакльде барлығы 13 әртіс өнер көрсетеді. Айта кету керек, қойылымның дайындалуына кәсіби, мықты шығармашылық топ атсалысты. Жобада Алматы қаласынан арнайы шақырылған мамандар жұмыс істеді. Атап айтқанда, режиссер мен балетмейстер – корея театрының өкілдері. Сонымен қатар, жарық қоюшы суретші мен сценограф та алматылық мамандар.

Қойылымның шығармашылық тобы да мықты мамандардан құралған. Режиссер-хореограф әрі инсценировка авторы – Анна Цой, көркемдік жетекші – Ольга Ростовщикова, драматург – Қолғанат Мұрат. Сценография мен костюмді Антон Болкунов әзірлесе, музыкалық сүйемелдеуді композитор Нұрсұлтан Төреәлі жазған. Ал жарық режиссері Арсений Макаров сахналық атмосфераны айшықтап, қойылымның әсерін күшейте түсті.

МАКСИМ ПАХАРУКОВ, «SENSITIVE» би театрының әртісі:

— Бұл спектакль, ең алдымен, эволюцияның қалай басталғанын көрсетуге бағытталған. Біз өз тарихымызды, өз көзқарасымызды, яғни осы үдерісті қалай елестететінімізді сахна арқылы жеткізгіміз келді. Басты кейіпкерді ойнағандықтан, көрермен әр эмоцияны менімен бірге сезінсе деймін. Сахнадағы барлық көңіл күйді жан-жүрегімен қабылдап, қойылымның атмосферасына толықтай еніп кеткенін қалаймыз.

Спектакльде драма әртісі Жанболат Қонысбек те өнер көрсетті. Ол бұл жолы сахнада пластика тілі арқылы алғаш рет образ сомдап көрді. Әртістің айтуынша, бұл формат – ол үшін жаңа тәжірибе әрі шығармашылық ізденістің бір бағыты.

Ерекше қажеттілігі бар және кәсіби бишілерден құралған ұжым пластика тілі арқылы көрерменге терең эмоция сыйлап, қойылым мазмұнын әсерлі жеткізді. Айта кетейік, 29 сәуір күні бұл театр «Тыныштық және мен» атты 20 жылдық мерейтойына арналған есеп беру кешін өткізуді жоспарлап отыр.