Мәдениет

Биыл академик Манаш Қозыбаевтың туғанына – 95 жыл

Биыл әйгілі академик, тарих ғылымдарының докторы Манаш Қозыбаевтың туғанына – 95 жыл. Айтулы датаға орай ұлт жанашырының есімі берілген жергілікті университетте бірнеше шара өтті. Салтанатты жиын біртуар тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, “Мағжан” орталығының директоры, облыстың Құрметті азаматы:

— Манаш Қозыбаев сан қырлы азамат болды. Оның қаламынан туған інжу сөздер жүректі баурап алатын.

Мерейтойға орай білім ордасында азаматтың өмір жолынан сыр шертер көрме қанат жайды. Мұндағы туындыларға қарап Манаш Қабашұлының елдің дамуына қосқан үлесі зор екенін көруге болады. Кейін шараға қатысушылар 1-корпустың акт залына ойысты. Мұнда “Қозыбаев оқулары-2026″: Болашақ экожүйесі, технологиялар мен адам капиталын дамытудың синергиясы” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға академиктің ұлы Ілияс Қозыбаев арнайы келген. Азамат әкесінің жолын қуыпты. 20-ға жуық кітабы бар.

ІЛИЯС ҚОЗЫБАЕВ, академик Манаш Қозыбаевтың ұлы:

— Әкем қатал адам болған жоқ. Біз оның жүріс-тұрысына қарап бой түзейтінбіз. Немелерін қатты жақсы көрді.

Манаш Қозыбаев – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш болып ұлт тарихын көтерген ғалымдардың бірі. Белгілі қайраткердің қалдырып кеткен мұрасы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде зор септігін тигізіп жүр.

НҰРБАҚЫТ ҚАЙЫМ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

— Манаш Қозыбаевтың аты берілген университетте білім алып жатқаныма мақтанамын. Оқу орнында жүріп, академиктің туындыларымен таныстым. Оның барлығы жастарға алға ұмтылуға талпыныс береді. 

Конференция аясында қоршаған ортаны қорғау, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қаралды. Айта кету керек, тарихи тұлғаның мерейтойына арналған шаралар жыл бойы жалғасын табады.

Нұрасыл Ахмет