Қоғам

Бірыңғай құқықтық мәдениет күні: оқушылар полиция департаментінің музейін аралады

Петропавлда Бірыңғай құқықтық мәдениет күніне орай Әдістемелік орталық мамандары жасөспірімдерге арнап облыстық полиция департаментінің музейінде экскурсия өткізді. Оған қаланың 5 мектебінен келген 25 оқушы қатысты. Іс-шара балалар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және болашақ мамандықты таңдау бойынша бағыт беру мақсатымен ұйымдастырылды.

ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, Әдістемелік орталық директорының орынбасары:

— “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасы аясында бізде көптеген іс-шаралар өтеді. Осыған байланысты әрбір мектепте Полиция департаменті қызметкерлері, прокуратура қызметкерлері дәрістер оқып, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруда.

37 жылдық тарихы бар музейде облыс полициясының тарихы толық қамтылған. Экскурсия барысында оқушылар құқық қорғау саласының өткені мен бүгініне үңіліп, тәртіп сақшыларының қызмет жолымен танысты. Бүгінгі жастар – ертеңгі болашақ мамандарға ел тыныштығы жолында еңбек еткен қызметкерлердің ерлігі баяндалды.

— Мұражайда полиция қызметінің қалыптасу тарихын білдім. Құрылу жылы, ескі қару-жарақ, бұрынғы басшылары, марапаттары туралы қызықты ақпарат естідім.

— Бүгін біраз жаңа ақпарат білдім. Маған әсіресе бұрын қолданылған құрал-жабдықтар мен қызметкерлердің ерлігі туралы тыңдаған қызықты болды.

— Бұндай экскурсиялар біз үшін пайдалы. Болашақта құқық қорғау саласында жұмыс істеу туралы ойланып қалдым.

Оқушылар бұдан кейін департаменттегі жедел-басқару орталығына бас сұғып, көшелерді камера арқылы бақылап отырған мамандардың жұмысымен танысады. Мұндай ақпараттық-танымдық шара өңірдегі барлық мектепте қолға алынған дейді ұйымдастырушылар.