Айыртау ауданында «Заманауи сәулет кешендеріндегі ескерткіштерді жаңғырту және сақтау: реставрациялық технологиялар, музейлендіру және тарихи-мәдени мұра объектілерін насихаттау» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өтті. Ауқымды шара, қамтылған мәселелер де жеткілікті. Жан-жақтан жиналған ғалымдар, археологтар мен мамандар саладағы өзекті тұстарға бүкпесіз тоқталды.
МЕРУЕРТ ҚИЯСБЕК, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты СҚОФ директоры:
— Ескерткіштерге өте бай өңір. Бірақ, өңірдегі ескерткіштерді зерттеу ісінде бір жүйе жоқ. Әзірге “Ботай” ғана танымал.
Көпшілікке кеуде қағып көрсететіндей тарихи-мәдени мұрамыз бары белгілі. Бір ғана Айыртаудың өзінде таңнан кешке дейін айтатындай орындар бар. Соларды және өзгелерді тереңнен зердеп, жаңаша форматта жаһан жұртына таныту керек. Бұл тұрғыда өзгелердің тәжірибесіне де сүйенген абзал. Мысалы, қасиетті Қарағанды облысында 2 мыңға тарта ескерткіш болса, соның 1 мыңнан астамы мемлекетпен қорғалады екен. Яғни, орталықта тиісті көңіл бөлінген.
ТҮЛКІБАЙ ТӨЛЕУОВ, «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» КММ басшысы, Қарағанды облысы:
— Біз соңғы 10 жылдың ішінде 100-ден астам ескерткішті қалпына келтірдік. 100-ге жуық археологиялық қазба жұмыстарын жүргіздік. 50-ге тарта ғылыми еңбек шығардық. Бұл – ауқымды жұмыс. Өңірлеріңізге тәжірибе алмасу мақсатында келдік. Білікті әріптестеріміз жүр. Бізге бір орында тоқтап қалуға болмайды. Ал үнемі іздену, жаңашылдық ашу үшін ақпарат, ақыл-кеңес керек. Сол үшін қасиетті топыраққа табан тигіздік.
Қуанышымызға орай, биыл билік тарапынан салаға көңіл бөлінеді. Нақтырақ айтсақ, енді “Ботай” қонысына қатынау жеңілдейді. Жағымды жаңалықпен Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаев бөлісті.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
— Өңірімізде инфрақұрылым бойынша біраз жұмыс атқарылып жатыр. “Ботай” қонысына жарық өткізуді көздеп отырмыз. Жол салынады. Бұны аймақ басшысы Ғауез Торсанұлы қолдады.
Алқалы басқосу барысында Айыртау ауданындағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы таныстырылып, тұсауы кесілді. Оны Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының облыстық филиалы әзірлеген. Енді мұндай Есіл ауданына қатысты құнды еңбек жарық көрмек.
Байболат Құлтанов