ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Көшеде велосипед, самокат мінген адамдар көбейді. Балалар да жүйткіп жүр. Олардың кейбірі мектепке қос дөңгелекті көлікпен қатынап та жүреді. Ал көшелер, білім ұяларының алды әрдайым көлікке толы.
Көліктердің көптігі, жоғары жылдамдық, жүргізушілердің салғырттығы. Қырағылық танытпасаң жайсыз жайт орын алуы мүмкін. Қауіптің алдын алу мақсатында Қожаберген жырау атындағы №6 мектепте арнайы жиын өтті. Шарада жауапты орган өкілдері балалар мен ата-аналарға жол қозғалысы ережелері кеңінен түсіндірілді.
ҚАЙРАТ СЕЙІТҚҰЛОВ, СҚО ПД процесингтік орталығының бастығы:
— Іс-шара екі кезеңнен тұрады, велосипедтерді, самокаттарды, мопедтерді және басқа да жеке мобильдік құралдарды пайдалану кезінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бірінші кезең – 7-11 сынып оқушыларымен кездесулер өткізу. Екінші кезең – оқушылардың ата-аналарымен кездесулер.
Ақпараттық кездесу барысында қауіпсіздік талаптары жазылған жадынамалар таратылды. Талаптың бірі велосипед тізгіндеген тұлға жаяу жүргінші жолағына келгенде тоқтап, көлігін итерген күйде жаяу өтуге міндетті. Егер бұлай жасамаса, 2 АЕК көлемінде айппұл арқалайды. Бұндай материалдар балалар мен ата-аналарға жолдағы қауіпсіздікті түсіндірумен қатар, олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Мамандардың дерегінше, жыл басынан бері аймақта велосипед жүргізушілерінің қатысуымен 1 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Ата-аналармен өткен кеңесте балалардың қауіпсіздігі ең алдымен отбасыдан басталатыны ескертілді. Жолдағы тәртіп пен сақтықтың мәнін түсіндіру – әрбір әке-шешенің міндеті, ал балалардың апаттан аман қалуы осы түсіндірулерге тікелей байланысты.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Бұл бастама жол-көлік апаттарының алдын алуға және жас жол қозғалысы қатысушылары арасында көлік құралын жүргізу мәдениетін арттыруға бағытталған. Жоспар бойынша 800-ден астам адам қамтылып, 1500-ден аса ақпараттық брошюра таратылды».))
Жолдағы тәртіпті сақтауға бағытталған осы сынды кездесулер әлі де жалғасады.
Жангельді Жамалиев