Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде маңызды өзгеріс орын алды. Қазір мемлекет арнайы санаттағы адамдар үшін жарна төлеуде. Бұл “сақтандырылған” статусына ие азаматтар санының артуына әкелді. Мұны сала мамандары кезекті жиында тілге тиек етті.
ТАЛҒАТБЕК ТІЛЕУБЕРДИН, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ СҚОФ директорының орынбасары:
— Облыста 520 мыңнан аса адам тұрады. Оның 59 мыңға жуығында “сақтандырылған” мәртебесі жоқ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті атқарушы орган халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, яғни Д және Е санаты үшін жарналар төлей бастады. Осы жаңашылдықтың нәтижесінде көптеген азаматтар “сақтандыру” мәртебесіне ие болып, енді медициналық көмек ала алады.
Жиында көтерілген тағы бір мәселе- жарналардың уақытылы түспеуі. Яғни, кейбір жұмыс берушілердің салғырттығы салдарынан қызметкерлер жүйеден шет қалып жатады. Енді бұл түйінді шешудің тетігі бар. Төлеушілер жарналарды дербес ай сайын емес, берешек айлар бойынша бірден өтей алады. Бұл қадам азаматтарға мәртебесін жылдам қалпына келтіріп, ем-домды үзбей алуына жол ашады.