Солтүстік Қазақстан облысында 24 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оның 10 пайызға жуығы тұрақты түрде спортпен айналысады. Тағдыр сынына мойымай, өмірден өз орнын тапқан жандармен 100 жаттықтырушы жұмыс істейді. Жарымжан тұрғындардың жетістікке жетіп, әлемдік додаларға қатысуына “Үміт” спорт клубы зор үлес қосып жүр. Басшысы Александр Надобенконың сөзінше, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу аса қиын емес. Себебі, клуб мүшелерінің көздерінде оты бар, кез келген қиындыққа мойымайды.
АЛЕКСАНДР НАДОБЕНКО, “Үміт” мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының басшысы:
— Клубтың құрамында 200-ден астам параспортшы бар. Олар 11 спорт түрімен айналысады. Бізде көбінесе целебралды сал аурына шалдыққан және құлағында мүкісі бар адамдар дайындалады. Мемлекет тарапынан оларға зор қолдау көрсетілуде. Дайындық орындары мен қажетті қондырғылар жетерлік. Әлемдік додада атой салғандарға арнайы стипендия төленеді. Спорт клубына ересек адамдар көп мүшелік етеді. Жастардың да қысылмай келгендерін қалаймыз.
Иван Залезняк – 2-ші топтағы мүгедек. Туғаннан бастап тағдыр тауқыметін тартқан азамат ешқашан мойыған емес. 15 жыл бойы жеңіл атлетикамен айналысып келеді. Ол – ядро лақтырудан бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы. 2022 жылы өткен Параазияда ойындарыныда қола жүлдеге ие болды. Толағай – көпке үлгі. Қолынан әл кеткенше аталған спорт түрімен айналыспақ ниетте.
ИВАН ЗАЛЕЗНЯК, “Үміт” мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының мүшесі:
— Бұрын өзімнің денсаулығымды жақсарту үшін “Қарасай” стадионында жүгіретінмін. Сол кезде мені жаттықтырушылар байқап “Үміт” спорт клубына мүшелік етуге шақырды. Спорт – менің өмірім. Спорттың арқасында жаңа достар таптым, нағыз қуаныштың не екенін сезіндім. Шетелге шығып, әлемді араладым. Қазіргі таңдағы басты мақсатым – 2028 жылы өтетін Паралимпида ойындарына қатысып, атой салу.
“Үміт” спорт клубында 40-тан астам адам сурдофутзалмен айналысады. Оларды әкелі-балалы Владимир мен Станислав Фоленвейдерлер жаттықтырады.
СТАНИСЛАВ ФОЛЕНВЕЙДЕР, “Үміт” мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының жаттықтырушысы:
— Параспортшыларды жаттықтыру үшін ым-ишара тілін жаттадым. Басында қиынға соқты. Бірақ, тез үйреніп кеттім. Шәкірттеріме іс-қимыл арқылы барлығын түсіндіремін. Жақында парафутзалдан ел чемпионаты өтеді. Тыңғылықты дайындық үстіндеміз. Егер сәтті өнер көрсетсек, Бразилияда өтетін әлем чемпионатына барамыз.
Айта кету керек, “Үміт” спорт клубының есігі кез келген мүмкіндігі шектеулі жан үшін ашық.
Нұрасыл Ахмет