«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Петропавлда «ProEco» республикалық экологиялық жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті. Ғылым күні қарсаңында ұйымдастырылған сайысқа қалалық және аудандардан келген 5-8 сынып оқушылары қатысуда.
ЖҰЛДЫЗАЙ ИМАНБЕКОВА, «Қызылжар дарыны» орталығының әдіскері:
— Облыстық кезеңге 26 жобамен 31 оқушы қатысуда. Байқаудың мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау және қолдау, олардың зерттеушілік дағдыларын дамыту, сондай-ақ, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жобалар төрт бағыт бойынша ұсынылған – туған өлкенің табиғатын зерттеуден бастап, экологиялық бастамалар мен қалалық ортаны жақсартуға бағытталған жобаларды әзірлеуге дейін.
Ғылымға құштар жастардың жобалары таңғалдырады. Олар көп ізденген. Төккен тердің арқасында қоғамға пайдалы еңбектер әзірленіпті. Бескөл мектеп-колледжінің оқушысы Дарья Лукашенконы қоқыс мәселесі алаңдатады. Айтуынша, оның жобасы заңсыз қалдық үйінділерін түбегейлі жоюға бағытталған.
ДАРЬЯ ЛУКАШЕНКО, Бескөл мектеп-колледжінің оқушысы:
— Менің жобам өз ауылымдағы заңсыз қалыптасқан қоқыс үйінділері мәселесін шешуге бағытталған. Біз алдымен ауылдың 3D моделін жасап, оған ластанған аймақтарды белгілеп шықтық. Кейін сол мәліметтерге сүйене отырып, волонтерлер тобымен тазалық жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.
Ал қалалық классикалық гимназия оқушысы Аякөз Нұрмахан кәдімгі ромашка – түймедақ өсімдігін зерттепті. Ізденімпаз жастың айтуынша түймедақтың адам ағзасына тигізер пайдасы көп.
АЯКӨЗ НҰРМАХАН, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:
— Мен қоршаған әлем – таңғажайып әлем” секциясы бойынша қатысамын. Жобамның тақырыбы – “Аяқ астындағы қазына”. Осы жоба арқылы дәрілік өсімдіктерді таныстырғым келеді. Түймедақ туралы, бақбақ жайлы айтамын.
Жеңімпаздар марапатталады. Басты жүлде – республикалық кезеңге жолдама. Ел көлеміндегі білгірлер бәсекесі 28-30 сәуір аралығында Астанада өтеді. Елордада жүзден жүйрік жастар тұтас аймақтың намысын қорғайды.