Қоғам

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау

Былтыр өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 487 бала тіркелген. Олардың басым көпшілігінде аутизм дерті анықталыпты. Бұл – біздің аймақ үшін жаға ұстатарлық статистика. Осы мәселеге қатысты облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығында арнайы жиын өтті. Оның барысында тағдырдың тәлкегіне ұшыраған ұл-қыздарды анықтаудан бастап, оларды біліммен қамтамасыз ету тұстары қарастырылды.

ДӘУРЕНБЕК БЕЙСЕМБАЕВ, СҚО психикалық денсаулық сақтау орталығының директоры:

— Біз бүгін білім беру, әлеуметтік қорғау және медицина саласы қызметкерлерінің басын қосып отырмыз. Өйткені, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны жыл сайын өсіп келеді. Ал олармен жүйелі түрде жұмыс істеу арнайы білімді, қабілеттерді талап етеді. Осы ретте біз мамандарға қолдау көрсетіп, ақыл-кеңес береміз. Біздің басты мақсат – ерекше балалардың медициналық көмек пен білім алуына қол ұшын созу.

Ғалия Ебішева – әдістемелік орталықтың әдіскері. Бұл салада 3 жыл жұмыс істейді. Бүгінгі жиналысқа кәсіби шеберлігін арттырып, тың дүниелерді үйренуге келген екен. Айтуынша, нәзікжанды білім саласы мамандарына ерекше балалармен жұмыс істеп, қарым-қатынас орнатуға көмектеседі.

ҒАЛИЯ ЕБІШЕВА, әдістемелік орталық әдіскері:

— Біз мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелеріндегі ұстаздарға көмек көрсетеміз. Яғни, мамандар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуді үйренеді. Ол үшін арнайы семинарлар мен онлайн жиналыстар өткіземіз. Бұның барлығы қазіргі күні өз жемісін беріп келеді.

Айта кетейік, қазіргі таңда өңірімізде мектептер жанынан ашылған ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін 30 кабинет бар. Сонымен қатар, теріскейде аталмыш жеткіншектерге арналған арнайы 8 білім беру мекемесі жұмыс істейді.

 

Ұлан Ыдырыс