Құқық қорғау органдары

Бес сағат ішінде қырықтан астам жол қозғалысы ережесі бұзылды

Сейсенбінің кешінде Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев көшесінде қызғылт-сары конустар мен уақытша жол белгілері орнатылды. Бұл – жүргізушілердің назарын арттыруға мүмкіндік беретін тиімді тәсіл.

МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, СҚО ПД бастығының орынбасары:

— Ағымдағы жылдың 7–8 сәуірі аралығында республика аумағында ауқымды рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Олардың негізгі мақсаты — жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзушылықтардың жолын кесу. Атап айтқанда, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану фактілерін анықтау болып табылады.

3 айда Солтүстік Қазақстан облысында 100 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның 69-ы Петропавл қаласында орын алды. Апат салдарынан 95 адам зардап шекті. Негізгі бұзушылық – қиылыстардан өту қағидаларын бұзу.

АЛТЫНБЕК ЖАМАЛИЕВ, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы: 
— Құрметті СҚО тұрғындары мен қонақтары, бүгін Петропавл аумағында рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының санын азайту. Ең басты міндет – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылардың жолын кесу, жол қозғалысына қатысушылар арасындағы ықтимал қауіпті тұлғаларды анықтау, сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Алғашқы күндегі рейдтің қорытындысы: 5 сағат ішінде мас күйде көлік басқарған жүргізуші анықталды, маневр жасау қағидаларын бұзуға байланысты 3 апатты жағдай болды. Жалпы, 40-тан астам жол қозғалысы қағидаларын бұзу дерегі тіркелді. Заңсыз қайта жабдықталған бір автокөлік арнайы тұраққа қойылды.