“Береке” ықшам ауданында 15 мыңнан астам адам тұрады. 2023 жылы мұнда су жаңа емхана қолданысқа берілді. Өкінішке қарай, қажетті құжаттардың жоқтығынан медициналық мекеме толыққанды жұмыс істемеді. Осы ретте қуанышты жаңалықпен бөліссек. Емханадағы жағдай тұрақталды. Мәселе өз шешімін тапты. Орын алған өзгерістер жайлы 2-ші қалалық емхана директорының міндетін атқарушы Нұржан Тағаниязов баяндады.
НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, №2 қалалық емхана директорының міндетін атқарушы:
— Радищев және Интернационал көшесіндегі филиалдарымыз жабылып, Берекеге көшірілді. Мұнда күндізгі стационар жұмыс істейтін болады. Ал тар бейінді мамандар Васильев көшесіндегі қосында отырады.
Емхана 1-сәуірден бастап толыққанды жұмысын бастады. Бұны естіген аудан тұрғындары бөркін аспанға атты десек те болады. Себебі, олар бұған дейін орталыққа қатынаған еді. Айта кету керек, ғимарат заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.
НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, №2 қалалық емхана директорының міндетін атқарушы:
— Қазіргі таңда емханада 50-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Алдағы уақытта олардың саны артатын болады. Тұрғындарға қызмет көрсететін кабинеттердің саны артты.
Бүгін медициналық мекемеде “Ашық есік күні” шарасы өтті. Нұржан Мейіржанұлы мен басқа да дәрігерлер тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
КҮЛЖИЯН БАЙСЕЙІТОВА, “Береке” ықшам ауданының тұрғыны:
— Әр емханада дәріхана болу қажет. Көз дәрігері де керек. Осы сұрақтарды қойдым. Жаңадан келген басшы мәселе жақын арада шешімін табатынын жеткізді. Сәттілік тілеймін!
ӘСЕМГҮЛ ҚҰРСАҚОВА, “Береке” ықшам ауданының тұрғыны:
— Емханамызға тар бейінді дәрігерлер керек. Барлығымыз Васильевадағы филиалға немесе ақылы медициналық мекемелерге барып жүрміз. Салдарынан біршама уақытымыз бен ақшамыз кетеді. Осы мәселе шешімін тапса екен деймін.
“Ашық есік күні” шарасы қас қарайғанша дейін жалғасады. Емхана ұжымы мұндай жиындарды жиі ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Нұрасыл Ахмет