Бұл – Театральная көшесі, 47 мекенжайында орналасқан 9 қабатты үй. Қазіргі таңда баспанадағы 7 подъездің есігі ауыстырылып жатыр. Маңызды іс “Жайлылық градусы” жобасы аясында жүзеге асырылуда. Дәлірек айтсақ, жергілікті “GROW KZ” қоғамдық қоры халықаралық конкурста жеңімпаз атанып, 5 млн теңге грант ұтып алған. Барлық жұмыс сол қаржыға істеліп жатыр.
ЗУЛФИЯ ТУХВАТУЛЛИНА, “GROW KZ” ҚҚ төрағасы:
— Грантты ұтып алу үшін көпқабатты баспананың тұрғындарымен бірге жоба әзірледік. Міне, жемісін көріп отырмыз. Барлық подъездің есігін ауыстыруға шамалы қаржы жетпеді. Қалғанын тұрғындар қосты. Баспанаға пластик есіктерді орнатудамыз. Себебі, тозған темір есіктерден жел соғып, салдарынан жылу шығыны көбейеді.
Шыны керек, өңір тұрғындары жылу үшін жауапты серіктестікке қыруар қаржы төлейді. “Әр үйге заманауи есіктер салынса, азаматтардың қалтасынан шығатын ақша азаяр еді. Бұл – дәлелденген дүние”, – дейді қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков. Азамат алдағы уақытта шаһардағы ескі баспаналардың сырты жылуұстағыш материалдармен қапталғанын қалайды. Жобаны жүзеге асыру үшін ол халық қалаулыларымен және тұрғындармен кездесіп жүр.
СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
— Петропавлда ескі үйлер көп. Тұрғындарынан жаңа баспаналарға қарағанда көбірек төлем алынады. Себебі, бертін қолданысқа берілген тұрғынжайларда жылуды үнемдейтін арнайы қондырғылар орнатылған. Шетелдік мамандар бұл мәселенің шешімін тапты. Германиялықтар ескі көпқабатты үйлердің сыртын, шатырын, тіпті, жертөлесіне дейін жылуұстағыш материалмен қаптаған. Тиісінше, олар жылу үшін аз қаржы төлейді.
Тұрғындар өздері тұрып жатқан баспанада мұндай оң өзгерістердің орын алып жатқанына қуанышты.
ЗУРА МҰХАМЕДҒАЛИЕВА, үй тұрғыны:
— 1990 жылдан бері осы көпқабатты баспанада тұрамын. Алдағы уақытта мұндай жобалар көп болса екен деймін.
“Пластик есіктерді орнатудың нәтижесінде келесі жылыту маусымынан бастап жылуға кететін шығын 10 пайызға азаюға тиіс”, – дейді жоба жетекшілері
Нұрасыл Ахмет