Полиция департаментінде 30-ға жуық тергеуші, олардың ата-аналары мен сала ардагерлері марапатталды. Құрмет көрсетілген шенділер – жедел уәкілдер мен криминалистер. Олар тәулік бойы кезекшілік атқарып, қылмыстық істерді зерттейді. Мамандарға ведомство бастығы Абай Жүсіпов алғыс айтты, өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген ардагерлердің үлесін де атап өтті.
Салтанатты жиында бірқатар қызметкер марапатталды. Тергеушілердің ата-аналары да шаттыққа бөленді. Олардың қатарында 2006 жылы қызметтік іссапардан келе жатып қаза тапқан полиция майоры Ерік Оспановтың жұбайы Аягөз Оспанова да бар. Азаматшаның ұлы Уәлихан Оспанов – ҚР ІІМ Қарағанды академиясының түлегі, бүгінде қалалық полиция басқармасында тергеуші болып қызмет атқарады, шарада адал қызметі үшін марапатталды. Ал тергеу қызметінің ардагерлеріне алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
ХАЙДАР ҚАШЕНОВ, ішкі істер органдарының құрметті ардагері:
— Сіздердің жұмыстарыңыз аса маңызды. Сіздер – департаментіміздің сан қырлы қызметін көрсететін мамансыздар. Өздеріңіздің еңбектеріңіз, ізденістеріңіздің арқасында сотта түпкілікті шешім қабылданады. Мерекеміз құтты болсын!
Айта кету қажет, елімізде Тергеушілер күні сәуір айының 6-шы жұлдызында атап өтіледі.