Солтүстікқазақстандық еріктілер алапат тасқынның астында қалған Дағыстанға жылу жинап жатыр. Белсенділердің жетекшісі – Дамир Қанапияұлы. Ол өзінің жеңіл көлігімен базарлар мен дүкендерді аралап, азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарды сатып алады. Кейін жиналғанның барлығын арнайы сақтау орнына жеткізеді.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Қазақ “тамшыдан теңіз құралады” деп бекер айтпаған. Мен қазір қарақұмықтың 10 келісін көтеріп келе жатырмын. Өнім Дағыстан жеріне жіберіледі. Бірнеше отбасыға азық болатыны сөзсіз.
Әзірге ауыз толтырып айтарлықтай гуманитарлық көмек жиналмады. Дамир телефон нөмірін жер-жерде жариялаған. Оған ақша аударудың қажеті жоқ. Белсенді жігіт қажеттіні алып, касса алдында төлем жасаймын деген жанға онлайн шот жолдайды екен. Ниет танытушы азаматтар аз болса да бар.
ДАМИР ҚАНАПИЯҰЛЫ, ерікті:
— Бұл көмекті шамамен 10 күндей жинаймыз. Егер көмек көп мөлшерде болса, «Alageum Electric» бізге жүк көлігін бермекші. Махачкалаға дейін жеткіземіз. Ал егер аз жиналса, жолға “Газель” көлігімен шығамыз.
Қазақ – бауырмал халық. Біздің тарихымызда тасқыннан зардап шегіп отырған халық ерекше орын алады. Бұл туралы белсенділер қауырт кезеңнің алғашқы күнінде-ақ еске алыпты.
ДАМИР ҚАНАПИЯҰЛЫ, ерікті:
— Олар жақсылықты ұмытпайтын халық. Біз жайлы жылы лебіздер айтады. Бізде су тасқыны болғанда олар көмектесті. Енді біз көмектесу керек деп шештік.
Жомарт жандардың құлағына алтын сырға! Дағыстан халқына көмек беруге ниетті азаматтар экранда көрсетілген телефон нөмірі арқылы Дамир Қанапияұлымен байланыса алады.
Байболат Құлтанов