ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
— Облыста оқушыларға кәсіби бағдар беруге бағытталған «Мамандығым – мақтанышым» әлеуметтік жобасы жалғасуда. «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы қолға алған бұл бастама жасөспірімдердің мамандықты саналы таңдауға мүмкіндік береді. Қазір бағдарлама аясында ұйымдастырылған «Мамандық керуені» автобусы ауыл мектептерін аралап, ұл-қыздарға түрлі саланы таныстырады.
Бұл – Қызылжар ауданындағы Вагулино орта мектебі. «Мамандық керуені» автобусы дәл осы білім ұясының алдына келіп тоқтады. Көп кешікпей ашық әрі еркін форматтағы кездесу басталды.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, «Сенімен Болашақ» РҚБ СҚОФ жетекшісі:
— Әлеуметтік жоба екі жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оны қоғамдық бірлестік қолдап, шамамен 2 млн теңгеге жуық қаражат бөлді. Былтыр бұл бастама 3 мектепте өткізілді: қалалық №9 және №18 мектепте, сондай-ақ Пеньков ауылындағы білім ошағы. Нәтижесінде Пеньков ауылындағы мектеп түлектерінің 100 пайызы оқу орындарына түсті. әл-Фараби атындағы мектепте бұл көрсеткіш 96 пайызды, ал №9 мектепте 89 пайызды құрады. Яғни, түлектер өздері таңдаған мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндік алды.
Шара барысында оқушылар еліміздегі, өңіріміздегі оқу орындары ұсынатын мамандықтармен танысып, әр бағыттың ерекшеліктері туралы нақты мәлімет алды. Арнайы мамандар талапкерлерге қойылатын талаптарды, оқу үдерісінің қыр-сырын және болашақтағы жұмыс мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндірді.
САМАЛ ҚОЖАКЕНОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж негізгі білім беру бөлімінің меңгерушісі:
— Біздің оқу орнында барлық мамандық грант негізінде ұсынылады, яғни талапкерлер тегін білім алып, шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Құжат тапсыру үшін мектеп аттестаты, медициналық анықтама және 3×4 фотосурет жеткілікті. Қабылдау емтихансыз, тек әңгімелесу арқылы жүргізіледі. Студенттер жатақханамен қамтылып, оның айлық ақысы шамамен 7 мың теңгені құрайды. Шәкіртақы алғашқы семестрде тұрақты төленіп, кейін студенттің оқу үлгеріміне қарай реттеледі.
Кездесу оқушылардың қызығушылығын оятып, олардың алдағы жоспарына тың серпін берді. Константин Марочка – Вагулино орта мектебінің 9-шы сынып оқушысы. Жасөспірім болашақта IT саласының білікті маманы атанғысы келеді.
КОНСТАНТИН МАРОЧКА, Вагулино орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:
— Бүгін мектебімізде кәсіби бағдар беру шарасы ұйымдастырылып, онда түрлі колледждер мен жоғары оқу орындары жайлы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Бұл кездесу мен үшін аса қызықты, өйткені мен 9-сыныпта оқимын. Әр оқушы үшін маңызды таңдау кезеңінде тұрмын. Осы тұста әркім өз болашағына бағыт айқындап не 11-сыныпқа дейін білімін жалғастыруды, не колледжге түсіп, мамандықты ертерек игеруді таңдайды.
Айта кетейік, «Мамандық керуені» автобусы алдағы күндері облыстың өзге ауылдарына барады. Мамандар 10 мектепте осындай кездесу ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жангельді Жамалиев