Еліміздің барлық білім беру ұйымдарында “Салауатты өмір салты – табысты болашақтың негізі” тақырыбында бірыңғай республикалық сабақ өтті. Дүниежүзілік денсаулық күніне орай ұйымдастырылған шара 73 мыңнан астам мектеп оқушысын қамтыды. Петропавлдағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия ұжымы әрдайым белсенді. Мұндағы шәкірттер мен мұғалімдер күнді спорттық көңіл-күймен бастады.
НАЗГҮЛ ӘМІРЖАНОВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия директорының орынбасары:
— Бүгін біздің күніміз таңғы жаттығудан басталды. Сонымен қатар, оқушыларға салауатты өмір салтының маңызы туралы сынып сағаттары өткізілді. Бұл бізде жыл сайын өткізіледі. Денсаулық – адам өмірінің маңызды бөлігі. Біз балалардың спортпен шұғылдануына аса көңіл бөлеміз.
Сынып сағаттары барысында оқушыларға денсаулық ұғымының тек дене шынықтырумен шектелмейтіні айтылды. Көтеріңкі көңіл-күй, ашуға булықпау, күйзеліске түспеу. Осылардың да маңызы зор. Яғни, салауатты өмір салты – тек шымыр дене емес, ой мен жанның тепе-теңдігі.
— Адам өз психологиялық денсаулығына да мән беру керек. Ол өте маңызды. Себебі, психологиялық тұрақсыз адам, кез келген ауруға шалдыға алады. Денсаулықты сақтап қалу үшін спортпен шұғылдану да пайдалы.
— Салауатты өмір салтын ұстану үшін спортпен шұғылданудан басқа дұрыс тамақтана білу керек. Мысалы, кейбір майлы тағамдарға шектеу қойып, пайдалы ас тұтыну қажет.
Ішімдік, есірткі сынды зиянды әдеттерден аулақ болу да маңызды рөл атқарады. Мектеп қабырғасында өткізілген осындай шаралар жасөспірімдердің дүниетанымына оң ықпал етеді дейді ұйымдастырушылар.
Жаннұр Бектұрғанова