Қоғам

Халық шұрық-тесік жолға қапалы

Петропавлдағы Советская көшесі соңғы кездері адам жүргісіз күйге түсті. Жауыннан кейін көше бойы лайдың астында қалады. Маңайға жайылған су жертөлелер мен қоймаларға дейін жетіп, жағдайды күрделендірген. Бұған себеп – спорт нысанының құрылысы. Мердігер жұмыс аяқталған соң бәрін қалпына келтірмеген.

РАШИД ИЗМАЙЛОВ, қала тұрғыны:

— Біз бұл жерде ондаған жыл тұрамыз. Бұрын мұндай масқара жағдай болған емес. Өзіміз ақша жинап, қиыршық тас төгіп, қолдан келгенше күтіп отырдық. Ал құрылыс кезінде ауыр техника келіп, бәрін таптап кетті. Қазір біз батпақтың астында қалдық. Балалар мектепке бара алмайды, өзіміз жұмысқа шығу үшін аяқ киім ауыстырып жүреміз. Бұл жағдайға қалайша көз жұмуға болады?

Тұрғындар қапалы. Жергілікті билік мәселеге назар аударып, көше жөнделсе деген пікірді бір емес, бірнеше адам айтты.

КОНСТАНТИН ЕРМОЛИН, қала тұрғыны:

— Кейде тізеден су кешеміз. Таза жүру мүмкін емес. Балаларды мектепке жіберу – үлкен қауіп. Қай жерге аяқ басарымызды білмейміз. Бір қадам жасасаң батпаққа кіріп кетесің. Бұл енді жай ғана қолайсыздық емес, бұл – күнделікті өмірді қиындатқан үлкен проблема.

Советская көшесінің тұрғындары бұл мәселені қалалық әкімдік пен жауапты органдарға жеткізген. Шешілуіне арна тілшілері араласты. Нәтижесінде мердігер жолға қиыршық тас төкті. Халықтың базынасы ескеріледі. Жоспарға сүйенсек, алдағы 3 жыл ішінде көшеге асфальт төселеді.

Жангельді Жамалиев